Музыкалық саяхат: Чехияда қазақ даласының үні естіледі

724
Фотосурет: Gov

Қазақ даласының әуендері Чехияда шырқалды, деп хабарлайды DKNews.kz.

 Чех Республикасының Оңтүстік Моравия өлкесінің орталығы – Брно қаласында Қазақ мәдениеті күні аясында Оралдың «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Іс-шараны Брно-Стржед муниципалитетінің қолдауымен, «Qazaq Nomad» қазақ диаспорасы ұйымының көмегімен Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшілігі ұйымдастырды.

Брноның тарихи орталығы – Азаттық алаңында қойылған концертті тамашалауға қалалық әкімшілік өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, жергілікті қазақ диаспорасы жиналды.

«Арнау» ансамблінің өнерпаздары көрермендердің назарына Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Н.Тілендиев сияқты ұлы қазақ композиторларының күйлерін орындап, жыр-термеден шашу шашып, қазақ халық билерін ұсынды.

Концерттік бағдарламаның соңында сөз сөйлеген Брно-Стржед муниципалитетінің Хатшысы Петр Штика ансамбль ұжымына тамаша қойылымдары үшін алғысын білдіріп, мұндай іс-шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге және өзара мәдени баюға ықпал ететінін атап өтті.

«Арнау» ансамблінің Брно қаласында өткен концерті чех өңірі үшін жарқын мәдени іс-шара болды. Әртістердің өнерлері мен олардың шеберлігі чех жұртшылығының шынайы таңданысын тудырып, ыстық ықыласпен және үлкен қошеметпен қабылданды.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -