Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға «Синьцзянь Санбао» корпорациясының өкілдері жұмыс сапарымен келді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы партия орынбасары Ян Инин бастаған делегация құрамымен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жүздесуде сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындарымен, институттары және ұйымдарымен түрлі салалардағы ғылыми-білім беру тәжірибесі жайлы айтып берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚХР-дың 57 жоғары оқу орындары және ұйымдарымен байланыс орнатқан. Оның ішінде Шанхай шет тілдер университеті, Шанхай саясат және құқық университеті, Сиань Цзяотун университеті, Солтүстік-батыс политехникалық университеті, Ланчжоу университеті, Шэньчжэнь, Пекин университеттері және басқалар бар.
2023 жылы ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (СБПУ) филиалы ашылды. Онда қазіргі таңда «Электроника және коммуникациялық технологиялар», «Материалтану және инженерия», «Информатика және технологиялар» атты үш білім беру бағдарламасы іске асырылуда.
«Қытайлық серіктестермен бірлесіп ҚазҰУ Жерді қашықтықтан зондтау орталығын ашты. Әртүрлі елдердің 130-дан астам университеттерін біріктіретін Жаңа Жібек жолы университеттерінің альянсымен инновациялық IT технопарк құру жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оқытушы-профессорлық құрам мен білім алушылардың академиялық ұтқырлық бағыты белсенді дамып келеді. Академиялық бағытпен қоса, ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізілуде. Ынтымақтастықты дамыту аясы кең. Сондықтан да біз әрқашан жаңа бастамалар мен бірлескен жобаларға қолдау танытамыз», – деді проректор.
Өз кезегінде партия хатшысының орынбасары және ауданның мемлекеттік госпиталінің директоры, аға ординатор Ян Инин ЖОО басшылығының қонақжайлылығы мен университет кампусымен танысқанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол кездесу тараптардың өзара тиімді, жемісті ынтымақтастығын одан әрі дамытуға түрткі болатынына сенім білдірді.
Жүздесу ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылаумен аяқталды.