ММХҚИ: университеттің 80 жылдығы және қазақстандық түлектердің рөлі

7480
Фотосурет: Gov

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында Қазақстанмен ынтымақтастық талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Дәурен Абаев РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына (университетіне) (ММХҚИ) барды.

ММХҚИ ректоры Анатолий Торкуновпен кездесу барысында 30 қыркүйекте Астанада өтетін университеттің 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараға дайындық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қазақстандық студенттерді оқытудың әртүрлі аспектілері қарастырылды.

Дәурен Абаев институттың жоғары білікті кадрларды даярлаудағы қызметіне алғысын білдірді. Ол ММХҚИ қабырғасынан көптеген көрнекті қазақстандық дипломаттар, саясаткерлер, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, бизнесмендер шыққанын еске салды. Бұл университет бірегейлігінің, сұраныста болуының және білім беру әлеуетінің дәлелі екенін атап өтті.

«ММХҚИ-да тіл дайындығына ерекше көңіл бөлінетіні белгілі. Атап айтқанда, Таяу және Орта Шығыс елдері тілдерінің кафедрасында 2020-2021 оқу жылынан бастап қазақ тілі оқытылады. Осыған байланысты Елшілік қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету, сондай-ақ оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша жәрдем көрсетуге дайын» Дәурен Абаев

ММХҚИ студенттері алдында дәріс барысында Д.Абаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарымен, сондай-ақ елдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық және саяси даму жағдайымен таныстырды. Қазақстандық студенттерге арнаған сөзінде Елші кейіннен елімізде қолдану үшін сапалы білім алудың маңыздылығына назар аударып, мемлекетіміздің одан әрі дамуындағы жас ұрпақтың маңызды рөлін атап өтті.

Соңында дипломат аудиторияның сұрақтарына жауап берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -