Қазақстан және Словения ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Елшісі Данияр Сарекенов Словения Республикасы Сыртқы және Еуропалық істер министрлігінің Еуропалық және саяси мәселелер, халықаралық құқық және мүдделерді қорғау жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Марко Штуцинмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында сұхбаттастар басым бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің қолда бар әлеуеті мен мүмкіндіктерін, сауда-экономикалық және инвестицияны қоса алғанда, сондай-ақ словен бизнесінің қатысуымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарларын талқылады.
Қазақ дипломаты тұрақты саяси диалогты жалғастыру және 2025 жылы жоспарланған Словения Республикасының Президенті Наташа Пирц Мусардың Қазақстанға сапарын дайындау аясында ағымдағы жылдың қараша айында Астанада Мемлекеттік хатшы М. Штуциннің қатысуымен өтетін саяси консультациялардың маңыздылығын атап өтті.
М. Штуцин өз кезегінде Словенияның Орталық Азиядағы маңызды және сенімді серіктесі Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін растады және Қазақстан басшылығының Люблянада дипломатиялық өкілдікті ашу туралы шешімін жоғары бағалайтынын мәлімдеді.
Тараптар Қазақстан мен Словения арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру бойынша бірлескен күш-жігерді үйлестіру үшін байланыстарды жалғастыруға келісті.