Хельсинки қаласында Қазақстандағы институционалдық саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Парламенттің Халықаралық істер комитетінің төрағасы Киммо Кильюнен, оның ішінде Сыртқы істер министрлігінің, «EastCham» халықаралық сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығы, беделді қоғам қайраткерлері және Финляндия халықаралық қатынастар институтының, Хельсинки университетінің, Александр институтының сарапшылары, сондай-ақ іскерлік қауымдастық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов қатысушыларды Қазақстан Президентінің негізгі реформаларымен, соның ішінде адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, жүргізіліп жатқан көпвекторлы сыртқы саясат, инвестициялық ахуалды жақсарту, өнеркәсіп пен көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерімен егжей-тегжейлі таныстырды.
Бұл ретте Қазақстан дипломаты осы тұрғыда және екіжақты ынтымақтастық шеңберінде финдік әріптестер үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің, оның ішінде цифрландыру, қоршаған орта мен климатты қорғау, білім беру, «жасыл» энергетика және орман шаруашылығы салалары үшін білікті кадрлар даярлау саласында бірлескен жобалар құру бойынша перспективалық мүмкіндіктер ашылатынын атап көрсетті.
Өз кезегінде дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанда болып жатқан өзгерістерге үлкен қызығушылық танытып, екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту үшін талқыланатын мәселелердің өзектілігін атап өтті.