Қазақстан мен Эстония ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Эстониядағы елшісі Алтай Көлгінов Эстонияның Өңірлік даму және ауыл шаруашылығы министрі Пирет Хартманмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
П. Хартман Қазақстанға асыл тұқымды ірі қара малды жеткізу бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық білдіріп, осы бағыттағы жобаларды іске асыру үшін эстондық компанияларға арналған логистикалық бағытты әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
Эстон министрі сондай-ақ ведомство деңгейінде Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстония үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 7-отырысының жұмысына қатысуға дайын екенін білдіріп, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы бұдан арғы қадамдарды талқылау үшін жеке жұмыс тобын құруды ұсынды.
А. Көлгінов екі елдің агроөнеркәсіптік компаниялары арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, эстондық бизнесті тұқым қорын қалыптастыруға белсенді қатысуға, сондай-ақ қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді қоса алғанда, ауыл шаруашылығына инвестиция салуға шақырды.
Орман шаруашылығы саласындағы эстондық тәжірибені ескере отырып, қазақстандық дипломат Қазақстанның ұлттық парктерімен байланыс орнатуға мүдделі екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған мәселелерді ҮАК шеңберінде жоспарланған алдағы жұмыс тобының күн тәртібіне енгізуге келісті.