Тоқаев Сауд Арабиясындағы саммитте стратегиялық бастамаларды жариялады

6600
Фотосурет: Akorda

Мемлекет басшысы One Water саммитіне қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының астанасында өтіп жатқан One Water саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы аталған іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Францияға, Сауд Арабиясына және Дүниежүзілік банк тобына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жиынды Рияд қаласында бірлесіп өткізген Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазизге және Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа алғыс айтты.

Қазақстан Президенті су қауіпсіздігі орнықты дамудың, экономикалық өрлеудің және қоршаған ортаны қорғаудың негізі болып саналатынын атап өтті.

"Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр, ал 4 миллиардтан астам халық су тапшылығына ұшырады. Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Орайлы сәтті пайдалана отырып, су тапшылығымен бетпе-бет келген елдер мен өңірлердің барлығына көмек көрсету жоспарын жариялағаны үшін Жоғары Мәртебелі Корольге шынайы ризашылығымды білдіремін. Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі" Қасым-Жомарт Тоқаев 

Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды.

"Барша адамзат, әсіресе шалғайда тіршілік етіп жатқан тұрғындар мен халықтардың осал тобы санитарлық талаптарға сай келетін таза ауызсуға қол жеткізуге тиіс. Бұл – олардың құқы. Климат пен су инфрақұрылымына арналған мақсатты инвестициялар су көзімен қамтамасыз етіп, орнықты өсімге септігін тигізеді. Осы арқылы тұтас өңірлер өркендейді. Қазақстанның таза ауызсуға жаппай қол жеткізуді көздейтін Freshwater Challenge жаһандық бастамасына қосылуы еліміздің осы мақсатқа жетуге бейіл екенін растайды" Қасым-Жомарт Тоқаев 

Мемлекет басшысының пікірінше, су көздерін өнеркәсіптік, химиялық, ауылшаруашылық және тұрмыстық ластанудан қорғау ісінде технологиялық инновациялар мен реттеу тетіктерін қолдану қажет. Судан таршылық көрмеудің маңызды аспектілерінің бірі – су қоймаларының әлеуетін арттыру, мұздықтарды сақтау, суарудың инновациялық жүйесін енгізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.

"Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүние жүзіндегі 2 миллиардқа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн" Қасым-Жомарт Тоқаев 

Қасым-Жомарт Тоқаев суға байланысты туындайтын табиғат апаттарының алдын алу су қауіпсіздігінің маңызды бөлігі саналатынына назар аударды. Жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Әсіресе, бұл шағын аралдар мен жағалауда тұратын халықтың әлсіз топтарына қатты әсер етеді. Президент азаматтарды қорғау және қауіп-қатерді азайту мақсатында ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру өте өзекті деп санайды.

Мемлекет басшысы су тапшылығы азық-түлік және энергетика қауіпсіздігіне, өнеркәсіп өсіміне қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығындағы су үнемдеуге және энергияның жаңартылатын көздерін дамытуға салған стратегиялық инвестициялар экономика тұрақтылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға қысымды төмендетеді.

"Суда шекара болмайды. Ол қоғамдастықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Біздің ойымызша, климаттың өзгеруімен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мемлекеттердің диалогты жандандырып, халықаралық ықпалдастықты дамытуы және суға қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін ресурстарын жұмылдыруы өте өзекті. Осы мақсатқа сәйкес, Қазақстан бүгін жаһандық су дағдарысын шешуге мүдделі тараптарды біріктіретін және су ресурстарын басқару ісінде жаңашылдықты жақтайтын One Water Vision коалициясына ерекше ықыласпен қосылды. Еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді" Қасым-Жомарт Тоқаев 

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы жаһандық басымдықтардың бірі су ресурстары екенін еске салды.

"Су қауіпсіздігі – жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес, бұл моральдық императив. Су қауіпсіздігі проблемасын шешу One Water қағидаты аясындағы көпжақты диалогты дамытуды талап етеді. Қазақстан су ресурстарын жаһандық ауқымда басқару ісін нығайтуды көздейтін осы ұжымдық әрекетке өз үлесін қосуға дайын" Қасым-Жомарт Тоқаев 

Саммитте Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Сауд, Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Банга, Су ресурстары экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы (GCEW) Йохан Рокстрем, сондай-ақ басқа да елдердің басшылары, халықаралық ұйымдардың, қауымдастықтар мен компаниялардың жетекшілері сөз сөйледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -