Қазақстан жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытып жатыр. 2029 жылға қарай Екібастұзда халықаралық технологиялық компаниялардың дата-орталықтарын орналастыруға арналған қуаты кемінде 1 ГВт болатын инфрақұрылым құру жоспарланған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамыту туралы ұсынылған мәліметтерге сәйкес, «Дата-орталықтар алқабы» жобасы халықаралық бұлттық қызмет провайдерлерімен және NVIDIA компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар еліміз Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафикті өткізу мүмкіндігін кеңейтуде.
2027 жылы қуаты 300 МВт болатын дата-орталықтар іске қосылады деп жоспарланған
Екібастұзда «Дата-орталықтар алқабының» құрылысы басталып кетті. 2027 жылы жалпы қуаты шамамен 300 МВт болатын деректерді өңдеу орталықтарын пайдалануға беру көзделген.
Технологиялық компаниялар мұнда жасанды интеллект модельдерін оқытуға және олардың жұмысын қамтамасыз етуге арналған есептеу кластерлерін, сондай-ақ бұлттық қызмет инфрақұрылымын орналастыра алады.
Жоба білікті мамандар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Қазақстандық мамандар елімізде озық есептеу инфрақұрылымымен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтай алады.
Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық дәлізді кеңейтуде
Халықаралық технологиялық компанияларды тарту үшін жоғары есептеу қуатымен қатар сенімді байланыс арналары да қажет.
2026 жылғы 15 қазанда Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. 2025 жылы құрылыс жұмыстары қарқын алғаннан бері желіні пайдалануға беруге дейін екі жылдан аз уақыт өтті.
Қазақстан мен көршілес елдер Каспий теңізі арқылы интернет-трафик өткізетін қосымша бағытқа ие болды. Байланыстың үзіліп қалу қаупін азайту үшін операторлар теңіз түбімен резервтік байланыс арнасын тартуды да қарастырып отыр.
Сонымен қатар Қорғастан Ақтауға дейінгі «Батыс – Шығыс» гипермагистралінің құрылысы жалғасуда. Бағыттың 87%-ына байланыс желісі тартылған. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл магистральдар Қазақстан арқылы өтетін интернет-трафик көлемін арттырып, деректерді тасымалдау кезіндегі кідірістерді азайтуға мүмкіндік береді. Халықаралық бұлттық қызмет провайдерлері үшін бұл дата-орталықтарды орналастыратын аймақты таңдаудағы маңызды факторлардың бірі.
Қазақстанда тағы үш деректерді өңдеу орталығы ашылады
Соңғы үш жылда елімізде бірнеше деректерді өңдеу орталығы іске қосылды. Олардың қатарында мемлекеттік ақпараттық жүйелер орналастырылған Астанадағы мемлекеттік органдардың деректерді өңдеу орталығы бар.
Алдағы уақытта тағы үш орталық ашу жоспарланған. Олар Қазақстан аумағында сақталатын және өңделетін деректер көлемін ұлғайтып, мемлекеттік сектор мен бизнеске арналған бұлттық қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді.
Елімізде сенімділік пен ақауларға төзімділік талаптары жоғары Tier III және Tier IV деңгейіндегі инфрақұрылым қалыптасып келеді.
Екібастұз жобасының маңызды кезеңі 2027 жылға жоспарланған. Сол жылы іске қосылуы көзделген 300 МВт қуат «Дата-орталықтар алқабының» межеленген жалпы қуатының үштен біріне жуықтайды.
Бұған дейін біз NVIDIA компаниясының Қазақстанға 45 мың AI-чип жеткізуге рұқсат алғаны туралы жазған едік.