Әуежайлар, теміржол вокзалдары және университет кампустары – науқан гендерлік зорлық-зомбылық туралы хабардарлықты арттыру, қолдау көрсету қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу және әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жою бағытындағы бірлескен іс-қимылды ілгерілету мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі серіктестерді біріктіреді.
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының агенттіктері ұлттық және халықаралық серіктестерімен бірлесіп, жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін “Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік” жаһандық науқаны аясында «Қасыңдағы адам» жалпыұлттық іс-шараны бастады.
Биыл Қазақстандағы науқанның негізгі үндеуі қарапайым, бірақ маңызды: қасыңыздағы адамға назар аударыңыз. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам пойызда қасымызда отыруы, әуежайда рейсін күтуі, бізбен бір аудиторияда білім алуы, бір кеңседе жұмыс істеуі немесе көршіміз болуы мүмкін. Науқан іс-шаралары 24 қарашада Алматы халықаралық әуежайында және Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі теміржол вокзалдарында басталып, қоғамдық орындарда зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударуға бағытталды.
Бастама аясында Алматы әуежайында және бүкіл ел бойынша теміржол вокзалдарындағы орындықтарға QR-коды бар қызғылт сары түсті қаптамалар орналастырылды. Сондай-ақ пойызға отыру кезінде жолаушыларға зорлық-зомбылық туралы веб-парақшаға бағыттайтын QR-коды бар ақпараттық парақшалар таратылды.
Бірыңғай ақпараттық ресурс қағидаты бойынша әзірленген платформада зорлық-зомбылықтың не екені және оның қандай түрлері бар екені, зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынастың белгілерін қалай анықтауға болатыны, қайда және қалай көмекке жүгіну керектігі, қолданыстағы қорғау және қолдау қызметтеріне қалай қол жеткізуге болатыны, сондай-ақ зорлық-зомбылықты бастан өткерген адамдарға қалай қолдау көрсету керектігі туралы практикалық ұсынымдар қамтылған. Ақпараттық ресурс келесі сілтеме бойынша қолжетімді: https://ru.endgbv-ca.org/the-person-next-to-you.
Хабардарлықтан нақты іс-қимылға: Астанада науқанның ресми басталуы
25 қарашада елордада БҰҰ агенттіктері Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігімен және Назарбаев Университетімен серіктестікте ұйымдастырған науқанның ресми ашылуы өтті.
Іс-шара аясында «Қасыңдағы адам: хабардарлықтан нақты іс-қимылға» атты сараптамалық панельдік пікірталас өтті. Пікірталас Қазақстанда гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық және институционалдық тетіктерін дамыту, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, кінәлілерді жауапкершілікке тарту, зорлық-зомбылықты бастан өткерген адамдарды қорғау және кешенді қолдау қызметтерінің қолжетімділігі мәселелеріне арналды.
Пікірталасқа Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі, БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ), БҰҰ Халық қоныстану қорының (ЮНФПА) және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының, Назарбаев Университетінің, заңгерлер мен академиялық қауымдастықтың, сондай-ақ «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығының өкілдері қатысты. Түрлі сектор өкілдерінің қатысуы гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған ден қою ісінде бүкіл қоғамды қамтитын үйлестірілген тәсілдің маңыздылығын айқындады.
Науқан Еуропалық Одақ пен БҰҰ-ның «CHANGE» бірлескен көпелдік бағдарламасының, сондай-ақ басқа да серіктестердің қолдауымен өткізілуде.
Саранго Раднарагча, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі: «Осы 16 күн бізге іргелі ақиқатты еске салады: әйел құқықтары – адам құқықтары. Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық әлі де жалғасуда, ал зорлық-зомбылыққа ұшыраған көптеген адам қорқыныш сезімін бастан кешіріп, қоғам тарапынан айыптауға және көмекке жүгіну кезінде түрлі кедергілерге тап болуда. Біздің ортақ жауапкершілігіміз – заңнаманы жетілдіру арқылы зорлық-зомбылықты бастан өткерген әрбір адамның нақты қорғалуын, қолдау қызметтеріне және сот төрелігіне қол жеткізуін қамтамасыз ету. Биыл UNiTE жаһандық науқаны барлығымызды сот төрелігін қамтамасыз етуге, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды қорғауға және жазасыздықты тоқтатуға шақырады».

Алешка Симкич, ЕО-ның Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы: «Тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылық біз ойлағаннан әлдеқайда жақын жерде – көршілеріміздің арасында, өз қауымдастықтарымызда, айналамызда орын алады. „Қасыңдағы адам“ науқаны арқылы Еуропалық Одақ пен БҰҰ үнсіздікті бұзуға, немқұрайлылыққа қарсы тұруға және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға қолдау көрсетуге ұмтылады. Біздің үндеуіміз айқын: сіз жалғыз емессіз. Бірлесе отырып, әрбір адам өзін қауіпсіз сезінетін, құрмет пен қолдауға ие болатын қоғам құра аламыз».

Чинве Огбонна, ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі, ЮНФПА-ның Қырғызстан мен Түрікменстандағы елдік директоры: «Зорлық-зомбылық ол туралы үнсіз қалған жерде өрши түседі. Адам құқықтарының кең таралған бұл бұзылуы қалыпты құбылыс ретінде қабылданатын қоғамда зорлық-зомбылықты бастан өткерген адамдар айыптау мен қудалауға ұшыраудан қорқады. Биыл ЮНФПА әрбір адамды: „Атын ата. Сен. Тоқтат“ деп үндейді. Зорлық-зомбылықтың барлық түрін өз атымен атап, оған ұшыраған адамдарға сену және оны жоюға бағытталған күш-жігерді арттыру қажет. „Қасыңдағы адам“ науқаны әрбір статистикалық көрсеткіштің артында қауіпсіз өмір сүруге және кінәлілерді жауапкершілікке тартуды да қамтамасыз ететін сот төрелігі жүйесі тарапынан жан-жақты қорғалуға лайық адам тұрғанын еске салады. Зорлық-зомбылықтың алдын алуға және одан қорғауға бағытталған заңдарды қабылдау және олардың орындалуын қамтамасыз ету жауапкершілігі Үкіметке, Парламентке және мемлекеттік институттарға жүктеледі. Алайда бұл жауапкершілік әрқайсымызға – жеке адамдарға, отбасыларға және қауымдастықтарға да жүктеледі. Біз зорлық-зомбылыққа төзбеуге, оны ақтамауға, қалыпты құбылыс ретінде қабылдамауға және елеусіз қалдырмауға тиіспіз».

Д-р Джерен Гювен Гюрес, «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Орталық Азиядағы үйлестіру кеңсесінің басшысы және Қазақстандағы өкілі: «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық көрінбей қалмауы және жеке мәселе ретінде қабылданбауы тиіс. «БҰҰ-әйелдер» құрылымы үшін әрбір әйел мен қыздың үйде, жұмыста, қоғамдық және цифрлық кеңістіктерде қорқынышсыз өмір сүруі аса маңызды. «Қасыңдағы адам» бастамасы адамдар күнделікті болатын орындарда көмек туралы ақпаратты көзге көрінетін әрі қолжетімді етуге ықпал етеді. Біз әрбір QR-кодтың артында нақты көмек алу мүмкіндігі, ал әрбір серіктестіктің артында қауіпсіз қоғам құруға қосылған нақты үлес тұрғанын қалаймыз».

Катаржина Вавьерниа, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі: «Әлеуметтік көмекке, күтім көрсету қызметтеріне, жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне және қажетті қолдауға қолжетімділік әйелдердің экономикалық тәуелділігін азайтуға, олардың қауіпсіздігі мен орнықтылығын нығайтуға ықпал ете алады. Еуропалық Одақ пен БҰҰ-ның „CHANGE“ бірлескен бағдарламасының негізінде қарапайым тәсіл жатыр: зорлық-зомбылықтың алдын алу қасымыздағы адамнан басталады. Алайда қоғамның бейжай қарамауы адамдардың қажеттіліктеріне уақтылы ден қоя алатын институттардың жұмысымен және инклюзивті әлеуметтік саясатпен ұштасқанда ғана зорлық-зомбылықтың алдын алу шын мәнінде тиімді болады».

Скендер Сыла, ДДСҰ өкілі - Қазақстандағы ДДСҰ Елдік кеңсесінің басшысы: «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық – жеке адамның ғана мәселесі емес. Оған қарсы күрес бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Қазақстанда «Қасындағы адам» науқанының басталуы – Біріккен Ұлттар Ұйымын, Еуропалық одақты, ұлттық серіктестерді, жергілікті қауымдастықтар мен әрбір азаматты ортақ мақсат жолында біріктіруге мүмкіндік беретін маңызды бастама. Бұл – зорлық-зомбылықтың алдын алу, одан зардап шеккен адамдарға қолдау көрсету және зорлық-зомбылықтың жалғасуына жол ашатын үнсіздікті бұзу жолындағы ортақ қадам. Бұл іске әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз: адамды айыптамай тыңдау, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді кінәлауға жол бермеу және оларға қажетті көмек пен қолдауға жүгінуіне жәрдемдесу маңызды. Бірлесе әрекет ете отырып, әрбір әйел мен қыз өзін қауіпсіз сезінетін, қорғалған және өз әлеуетін толық жүзеге асыра алатын қоғам құра аламыз».
Доктор Рашед Мұстафа Сарвар, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі: «Әрбір қыз баланың үйде де, мектепте де, қоғамдық орындарда да, интернетте де қауіпсіз ортада өсуге құқығы бар. Бала зорлық-зомбылық көргенін айтса, оны мұқият тыңдап, болған жағдайға оның кінәсі жоқ екенін түсіндіріп, қолдау алуына көмектесу маңызды. „Жаныңдамын“ науқаны балалар мен ересектерге көмек алу үшін қайда жүгінуге болатынын білуге көмектеседі. Біздің ортақ міндетіміз – зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған ұшыраған әрбір баланың өз жасына және қажеттіліктеріне сай қорғаныс пен қолдауды уақтылы алуын қамтамасыз ету».
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» науқаны туралы
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік” – жыл сайын 25 қарашада, Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күнінде басталып, 10 желтоқсанда, Адам құқықтары күнінде аяқталатын халықаралық науқан.
Науқан әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны жою мақсатында бүкіл әлемдегі үкіметтерді, халықаралық ұйымдарды, азаматтық қоғамды, жеке секторды және жекелеген азаматтарды біріктіріп, зорлық-зомбылықсыз өмір сүру адамның іргелі құқығы екенін атап көрсетеді.
#16Days #UNiTE #EndGBV #APersonNextToYou #UNKazakhstan
Еуропалық Одақ пен БҰҰ-ның «CHANGE» бірлескен көпелдік бағдарламасы туралы
CHANGE (Challenging Harmful Attitudes and Norms for Gender Equality – «Гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін зиянды көзқарастар мен нормаларды еңсеру») – Еуропалық Одақ қаржыландыратын және БҰҰДБ, ЮНФПА мен «БҰҰ-әйелдер» құрылымы 2026–2028 жылдар аралығында Қазақстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда және Өзбекстанда іске асыратын өңірлік бағдарлама.
Бағдарлама зорлық-зомбылыққа жол бермейтін әлеуметтік нормаларды ілгерілету, азаматтық қоғам мен жергілікті қауымдастықтардың зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған ден қою саласындағы әлеуетін нығайту, сондай-ақ әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, олардың дербестігі мен орнықтылығын арттыру арқылы гендерлік зорлық-зомбылық ауқымын азайтуға бағытталған.
