Қазақстан ЕҚЫҰ қағидаттарына бейілділігін растады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қатысушы 57 елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Мальтада ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 31-ші отырысына қатысу үшін жиналды.
Іс-шара барысында қатысушы мемлекеттер 2024 жылы Мальта төрағалығымен Ұйымның жұмыс қорытындыларын тыңдады, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ күрделі геосаяси жағдай аясында Ұйымда қалыптасқан институционалдық дағдарысты еңсеру жолдарын талқылады.
Кездесуге қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Хельсинки рухын» жандандыру қажеттігін мәлімдеп, ЕҚЫҰ-ны қауіпсіздік мәселелері бойынша инклюзивті диалог үшін бірегей платформа ретінде сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Ол Қазақстанның ЕҚЫҰ кеңістігінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі көпжақты күш-жігерге берік бейілділігін, Ұйымды нығайтуға және оның алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеруге өз үлесін қосуды жалғастыруға дайын екенін растады.
ЕҚЫҰ негізгі құжаты – 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісінің 50 жылдығы қарсаңында Қазақстан СІМ басшысы оның қағидаттарын, сондай-ақ 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитінің қорытындылары бойынша қабылданған Астана декларациясының ережелерін мүлтіксіз сақтау қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ әріптестерін Ұйымды қазіргі кездегі жаңа қауіпсіздік архитектурасына бейімдеуге шақырды.
ҚР Сыртқы істер министрі Ұйымның экономикалық-экологиялық өлшемі аясындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды. Осыған байланысты ү.ж. 3 желтоқсанда Эр-Риядта Қазақстан, Франция және Сауд Арабиясымен бірлесіп өткізген «One Water Summit» қорытындысын белгіледі.
М.Нұртілеу климаттың өзгеруіне қарсы күресте күш-жігерді бірлесіп жұмсауды, қатысушы елдерді 2026 жылы Қазақстанда өтетін БҰҰ Өңірлік климаттық саммитіне қатысуға шақырды.
ЕҚЫҰ Министрлер кеңесі отырысының негізгі қорытындысы – ЕҚЫҰ Бас хатшысының және Ұйымның негізгі институттарының басшыларын бекіту болды.
Іс-шара аясында ҚР Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, Бельгия Сыртқы істер министрі Бернард Кентен, Грузия Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвили, Люксембург Сыртқы істер министрі Ксавье Беттель, Словакия Сыртқы істер министрі Юрай Бланар, Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мен Финляндия Сыртқы істер министрі Элина Валтоненмен екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастық пен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. Өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты. Өзара қызығушылық тудыратын салаларда ынтымақтастықты дамытуды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстан 1992 жылдан бастап ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекет. 2010 жылы еліміз ЕҚЫҰ-ға төраға болып, Астана декларациясының қабылдануымен аяқталған саммит өткізді.