Анкарада Қазақстан-Түркия ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Түркияның бұрынғы премьер-министрі, қазіргі Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, Жоғары сайлау комиссиясының төрағасы Ахмет Йенер, Анкара провинциясының губернаторы Васип Шахин, Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Нух Йылмаз бен Мехмет Бозай, Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Сердар Чам, Дін істері агенттігінің төрағасы Али Эрбаш, Анкара қаласындағы университеттердің ректорлары мен Сыртқы істер министрлігінің бас директорлары қатысты.
Кездесуде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас, еліміздің халықаралық аренадағы белсенді рөлі талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанда болып жатқан адам құқықтары, салық, саясат, бизнес, цифрландыру, медицина, ауыл шаруашылығы, индустрияландыру, транспорт және логистика салаларындағы реформаларға кеңінен тоқталды. «Born Bold» науқаны аясындағы еліміздің туристік әлеуеті таныстырылып, инвестициялық мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.
Түрік тарапының пікірінше Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенділігі орта державалардың халықаралық қатынастардағы ерекше рөлін айқындады. Қазақстанның 6 халықаралық ұйымға төрағалық етіп, сыртқы саясатындағы ерекше дәуірінің бірі болғанын аталып өтті. ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б. Йылдырым Қазақстанның «TURKTIME» атты Ұйымдағы төрағалығын жоғары бағалайтынын жеткізіп, еліміздің ТМҰ құрушы елдерінің бірі екенін жиынға қатысушылардың назарына салды.