Сеул Орталық Азия мен Корея арасындағы достық көпіріне айналды

6303
Фотосурет: Gov

Сеулде «Орталық Азия – Корея Республикасы» достық күні аталып өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Корея Республикасы Ұлттық ассамблеясының кітапханасында «Орталық Азия – Корея Республикасы» (ОАКР) достық күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл іс-шараны ОАКР достық қауымдастығы Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Орталық Азия бес мемлекетінің елшіліктерімен бірлесіп ұйымдастырды.

Орталық Азияның мұрасы мен туризміне арналған академиялық конференцияда Орталық Азия елдерінің Елшілері, ғылыми орталар мен сарапшылар бас қосып, мәдени алмасу, туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту және аймақтың бірегей мәдени мұрасын сақтау жолдарын талқылады.

ОАКР достық қауымдастығының Төрайымы Ли Ок Рён достық күні – біздің аймақтар арасындағы өзара түсіністік пен достық қарым-қатынасты нығайту үшін маңызды алаң екенін және бұл іс-шара серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашып, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов өз сөзінде ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын ерекше атап өтіп: «Біздің қарым-қатынастарымыз өзара түсіністік, достық және бірлескен даму ұмтылысына негізделген. Орталық Азия мен Корея экономика, білім және мәдениет салаларында серіктестіктің сәтті мысалдарын көрсетіп келеді, сондай-ақ туризмді дамыту арқылы халықтарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда», – деп мәлімдеді.

Қазақ дипломаты ОАКР достық қауымдастығының мәдени және экономикалық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Қауымдастық форумдар, көрмелер және түрлі іс-шаралар өткізу арқылы елдер арасындағы байланысты тереңдетуге ықпал етеді.

Іс-шара барысында туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. ОАКР ынтымақтастық форумы Хатшылығындағы Қазақстан өкілі Камила Маутова Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырып, еліміздің заманауи және қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыт ретінде тартымдылығын атап өтті.

Конференция аясында «Born Bold» медиа-кампаниясының таныстырылымын қоса алғанда, Орталық Азия елдерінің бай мәдениеті мен табиғи әртүрлілігін көрсететін ерекше туристік суреттер мен бейнематериалдар ұсынылды.

Жалпы, іс-шара Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы достық пен серіктестік қарым-қатынастарды нығайтуда маңызды қадам болды және мәдени-экономикалық ынтымақтастықтың өзектілігін айшықтады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -