Қазақстандық эко-стартаптар Стамбұлда өтетін UNIDO жаһандық байқауында өз инновацияларын таныстырады, деп хабарлайды DKnews.kz.
2024 жылғы 12 желтоқсанда Астанада GCIP Kazakhstan 2024 Ұлттық форумы өтті. Бұл елдегі экологияға бағытталған стартаптарды дамыту мен қолдау жолындағы басты шаралардың бірі болды. Іс-шарада жасыл технологиялар мен тұрақты даму саласындағы жаңа таланттар мен жоғары инновациялық шешімдер анықталып, назарға ұсынылды. Байқау қорытындысы бойынша бес жеңімпаз анықталды: Science and Technology Water Center, Smart Energy Solutions, Faceplate, MuratBeton Technology және Kaz-REEcycling, соның ішінде Kaz-REEcycling компаниясы «Әйелдер көшбасшылығы үшін» арнайы жүлдесіне ие болды.
Құрмет пен марапаттарға ие болған бұл командалар енді 2025 жылы Стамбұл қаласында өтетін БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымы (UNIDO) ұйымдастыратын жаһандық финалға дайындалуда. Сонымен қатар, олар Бразилияда өтетін COP30 климаттық саммитінде өз жобаларын таныстыру мүмкіндігіне де қол жеткізеді. Бұл қадам қазақстандық экологиялық инновацияларға жаңа халықаралық келешектер ашпақ.
Мемлекеттік қолдау мен халықаралық әріптестік
Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жасыл технологияларды енгізудің ел болашағы үшін стратегиялық маңызын атап өтті:
«GCIP Kazakhstan-ның түпкі мақсаты – елді жасыл технологиялар саласында өңірлік көшбасшыға айналдыру» Ерлан Нысанбаев
Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин сөз сөйлеп, форумның экологиялық бастамаларды ілгерілету және орнықты экономикаға көшу барысындағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
Форумдағы басты оқиғалардың бірі – «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» (IGTIC) мен инновациялар саласындағы жетекші компаниялар арасында меморандумға қол қою болды. Атап айтқанда, Қытайдың TusHoldings корпорациясы (портфелінде Xiaomi, Lenovo, ByteDance секілді алпауыттар бар) және Хорватияның Zagreb Innovation Centre Ltd. компаниясымен әріптестік орнатылды. Бұл ынтымақтастық қазақстандық стартаптарға халықаралық тәжірибе, техникалық ресурстар мен жаһандық желілерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Панельдік пікірталастар, тәжірибе алмасу және жаңа мүмкіндіктер
Форум аясында «Қазақстанда және әлемде таза, жасыл технологияларды дамыту перспективалары» атты панельдік сессия өтті. Онда IGTIC басқарма төрағасы Дидар Каримсақов, CAICA компаниясының бас директоры Руслан Жемков, Green Finance AIFC директоры Манас Гиждуаниев, MOST Ventures басқарушы серіктесі Алим Хамитов, TusCity Group аға вице-президенті Francis Chang және Zagreb Innovation Centre Ltd. бас директоры Frane Šesnić сияқты сарапшылар сөз сөйледі. Спикерлер жаһандық трендтерді, қаржыландыру тетіктерін және Қазақстанның экологиялық таза технологиялар нарығындағы рөлін нығайту мүмкіндіктерін талқылады.
Білім беру және іскерлік шаралар
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатымен қатар, форум аясында кең ауқымды іскерлік бағдарлама ұйымдастырылды. Cleantech Group өткізген воркшопта қатысушылар жасыл технологияларды дамытудағы озық тәжірибелер мен құралдарды меңгерді. Ал «БҰҰ саммиті» атты интерактивті іскерлік ойын халықаралық климаттық келіссөздердің атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.
Demo Day барысында өнеркәсіптік компаниялар өздерінің технологиялық сұраныстарын таныстырса, стартаптар «Investor Connect» шарасы аясында әлеуетті инвесторлармен әріптестік пен жобаларды коммерцияландыру мәселелерін талқылады.
GCIP Kazakhstan — Орталық Азиядағы бірегей алаң
GCIP Kazakhstan — Орталық Азия аймағындағы экологиялық таза технологияларды қолдауға бағытталған жалғыз бағдарлама. Ол Түркия, ОАР, Индонезия, Нигерия және басқа да елдермен қатар жүзеге асып, қазақстандық стартаптардың өсуі мен халықаралық деңгейге шығуына берік негіз қалайды.
GCIP Kazakhstan 2024 Ұлттық форумының жетістіктері елдің батыл инновациялық шешімдерге дайын екендігін тағы да растады. Форум аясында жасалған әріптестіктер қазақстандық эко-стартаптарға жаһандық жасыл технологиялар нарығының толыққанды ойыншыларына айналуға жаңа жол ашты.