Қазақстандық таланттар Huawei ICT Competition өңірлік финалында топ жарды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның жетекші университеттерінің студенттері Huawei ICT Competition 2024-2025 өңірлік финалында ел намысын лайықты қорғады. Huawei ICT Competition финалистері Таяу Шығыс пен Орталық Азияның 19 елінен келген 37 команда қатысқан «Regional Final» екінші кезеңін сәтті аяқтады. Бұл қазақстандық қатысушылар үшін халықаралық финалға жолдағы маңызды кезең болды.
Ұлттық іріктеу қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚБТУ, Ш. Есенов атындағы университет, АЭжБУ, AIU және АITU-дың 9 студенті Қазақстан атынан өңірлік финалға қатысу құқығына ие болды. Сайыс барысында қазақстандық командалар терең білімдерін және инновациялық тәсілдерін көрсетті. Финалистер 2024 жылдың 15-19 желтоқсаны аралығында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне шақырту алды.
Huawei ICT Competition – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшы Huawei компаниясы жыл сайын ұйымдастыратын байқау. Ол талантты студенттерді қолдауға, сондай-ақ АКТ саласындағы білім беру, ғылыми және қолданбалы қызметті ынталандыруға бағытталған.
«Huawei секілді ірі IT-гиганттармен ынтымақтастық нақты нәтижелерін беруде. Біздің студенттер тек Қазақстан нарығында ғана емес, халықаралық аренада да сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті болып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл технология саласының көшбасшыларымен өзара әрекеттесу бағытының дұрыс таңдалғанын және оның білім беруді дамытып, әлемдік деңгейдегі мамандар даярлауға көмектесетінін көрсетеді» ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Цифрландыру департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов
Ұлттық іріктеу алдында Huawei компаниясы Қазақстан университеттерінде білім беру роудшоуын ұйымдастырып, студенттерге заманауи технологиялық әзірлемелерге қол жеткізу мүмкіндігін ұсынды. Бұл қатысушылардың байқауға жақсырақ дайындалып, өз дағдыларын көрсетуіне жағдай жасады.
«Huawei жас таланттарды қолдау мен олардың кәсіби дамуына үлкен мән береді. Біз цифрлық дәуір жағдайында табыстың басты факторы жаңа сын-тегеуріндерге бейімделу және инновациялық технологияларды меңгеру қабілеті екенін жақсы түсінеміз. Жастарды шабыттандырып, өздерін көрсетіп, таланттарын танытып, табысқа қадам жасауға мүмкіндік беретін платформаны ұсына алатынымызды мақтан тұтамыз. Мұндай бастамалар жаңа буын мамандарын қалыптастыруға көмектеседі, олар Қазақстанда және оның шекарасынан тыс жерлерде цифрлық трансформацияны ілгерілететін болады» Huawei Technologies Kazakhstan бас директорының орынбасары Сью Хай
Huawei ICT Competition сияқты байқауларға қатысу қазақстандық студенттердің технологиялар саласындағы жоғары әлеуетін көрсетеді. Бұл жетістіктер жастар арасында цифрлық дағдылар мен инновациялық ойлауды дамытудың маңыздылығын растайды.