Қазақстан мен Гвинея-Бисау серіктестіктің жаңа тарауын ашады

4004
Фотосурет: Akorda

Қазақстан мен Гвинея-Бисау президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен  кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіре отырып, екіжақты ықпалдастықтың дамуына тың серпін беру тұрғысынан бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды.

"Сіз Қазақстанға Гвинея-Бисаудың Президенті ретінде алғаш рет келіп тұрсыз. Мұны тарихи сапар деуге болады. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 10 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінгі тарихи кездесу өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге негіз болады.

"Осы кезең ішінде біз өзара қолдау мен берік достыққа негізделген ынтымақтастық орнаттық. Серіктестігімізді одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Әсіресе, экономика және сауда-саттық салаларының әлеуеті жоғары. Мен бүгінгі сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп қарастырамын" Қасым-Жомарт Тоқаев

Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтты.

"Менің бүгінгі сапарым Бисау мен Астана арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін айғақтайды" Умару Сисоку Эмбало

Гвинея-Бисау Президенті екі ел көпжақты құрылымдар, соның ішінде БҰҰ аясында табысты ықпалдастық орнатқанына тоқталды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдарды реформалауға қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді.

Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен металлургиясы, қаржы, цифрландыру және телекоммуникациялық технологиялар сияқты перспективті салаларда ықпалдастық орнату мәселелерін қарастырды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Қазақстан мен Гвинея-Бисаудың ресми делегация мүшелері мынадай құжаттармен алмасты:

  1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Гвинея-Бисау Республикасы Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Гвинея-Бисау Республикасы Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және қауымдастық министрлігі арасындағы саяси және дипломатиялық консультациялар туралы меморандум;
  3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Гвинея-Бисау Республикасы Көлік, телекоммуникация және цифрлық экономика министрлігі арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -