Тоқаев Гвинея-Бисауды Астана форумына шақырды

3421
Фотосурет: Akorda

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Гвинея-Бисау Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Умару Сисоку Эмбалоның Қазақстанға ресми сапары алыс жатқан елдерді байланыстырып, халықтарымыздың тілегі мен ниеті бір екенін көрсетеді.

"Екіжақты кездесудің нәтижесінде тиімді уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі. Осы ретте Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келістік. Әлемдегі геосаяси ахуал мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ушығып тұрған қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестік келіссөздердегі басты тақырыптың бірі болғанын айтты. Тараптар Қазақстанның Гвинея-Бисауға дәнді дақылды экспорттауға қатысты мүмкіндігі мол екеніне назар аударған.

"Бұл ретте еліміздің бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін толық пайдалануға болады. Сонымен қатар тау-кен және табиғи ресурстарды игеру ісіндегі ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Атап айтқанда, темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге зор мүмкіндік бар"  Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент еліміздің цифрландыру, киберқауіпсіздік және финтех бағытындағы жетістіктеріне тоқталып, цифрлық қызмет саласындағы ықпалдастықты арттыруды ұсынғанын жеткізді. Сонымен қатар Гвинея-Бисау делегациясын келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырғанын айтты.

"Бұл Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетімен толық танысуға мүмкіндік береді. Азаматтарымыз бір-бірін жақын танып, білуі үшін мәдени-гуманитарлық байланыстың маңызы зор. Осы ретте мен Гвинея-Бисау жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым. Бұл қадамдар екі ел арасында жан-жақты ынтымақтастықты жандандыруға ықпал етері сөзсіз"  Қасым-Жомарт Тоқаев

Тараптар халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасып, ой бөліскен. Қазақстан Президенті қос мемлекеттің көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдары ұқсас екенін мәлімдеді.

"Әсіресе, жаһандық бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты сақтауға қатысты көзқарасымыз ортақ. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Жалпы, жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол мүмкіндік бар. Бүгінгі маңызды келісімдер – соның айқын көрінісі. Умару Эмбало мырзаның сапары Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп санаймыз"  Қасым-Жомарт Тоқаев

Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективасына назар аударды.

"Елдерімізде табиғи ресурстарды барлау, білім беру салалары мен көмірсутегін экспорттау бойынша ықпалдастықты жандандыруға қажетті механизм бар. Сонымен қатар Сіздермен түрлі халықаралық алаңдарда қарым-қатынас жасап, көпқырлы байланысымызды ілгерілетуге мүдделіміз" Гвинея-Бисау Президенті

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -