Қазақстан Елшісі Алжир Президентіне сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Аль-Мурадиа сарайындағы салтанатты рәсім барысында Алжир Халық Демократиялық Республикасының Президенті Әбдельмаджид Теббун Қазақстан Республикасының Елшісі Әнуарбек Ахметовтен сенім грамоталарын қабылдады.
А. Теббун Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алжирде ҚР Елшілігін ұйымдастыру шешімі үшін ризашылығын білдіріп, оның қызметіне жылы лебізін жеткізіп, халқына бақ-береке мен гүлдене беруін тіледі.
Алжир Президенті жоғары деңгейдегі саяси байланыстарды нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға және гуманитарлық жобаларды дамытуға мүдделілік танытты.
Өз кезегінде Елші Алжир мемлекетінің басшысына Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ізгі тілектерін жеткізіп, жоғары және биік деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыруға мүдделі екенін, қазақстандық тараптың барлық өзара тиімді бағыттар бойынша ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін хабарлады.
Соңында Алжир Президенті жаңа Елшіге табыс тілеп, оған елдің Үкіметі мүшелерімен кездесулер өткізуді ұсынды және Қазақстан-Алжир ынтымақтастығын қолдауға және ілгерілетуге дайын екенін мәлімдеді.