Тимур Турлов Wall Street Gambit конференциясында сөз сөйледі: шахмат – қаржылық стратегия құралы

16148
Арман Коржумбаев Шеф-редактор
Фотосурет: KazChess

Шахмат бүгінде корпоративтік және қаржылық ортада үлкен сұранысқа ие болып, жай ғана интеллектуалдық спорт емес, стратегиялық ойлау мен көшбасшылық дағдыларды дамытатын қуатты құралға айналуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

2024 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жүздеген мықты шахматшылар FIDE ұйымдастырған рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатына қатысты, оның бас демеушісі Freedom Holding Corp. компаниясы болды. Осы турнир аясында Wall Street Gambit деп аталатын ерекше конференция өтті, ол бір күнге шахмат пен қаржы саласын тоғыстырды.

Негізгі қонақтар мен қатысушылар

Конференция жұмысына келесі беделді тұлғалар қатысты:

  • Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры (CEO), Қазақстан Шахмат Федерациясының (KazChess) Президенті;
  • Белгілі қаржыгерлер, соның ішінде Боаз Вайнштейн мен Кен Рогофф;
  • Шахматтың тірі аңыздары Магнус Карлсен мен Вишванатан Ананд.

Конференцияның мазмұнды бағдарламасынан бөлек, қатысушылар әлемнің экс-чемпиондары Карлсен мен Анандқа қарсы блиц-партия ойнап көруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ жетекші шахматшылар және қаржы сарапшыларымен бірге шахматтық стратегия мен бизнесте шешім қабылдау тәсілдері арасындағы ұқсастықтарды талқылады.

Қаржыгерлерді шахмат неге тартады?

Шахмат ежелден ақыл-ойдың ең биік шыңдарының бірі ретінде танылады. Шахматтағы аналитикалық әрі стратегиялық тәсіл қаржы саласындағы қажетті дағдылармен үндес келеді. Wall Street Gambit конференциясы аясында мына мәселелер ерекше атап өтілді:

  1. Стратегиялық көрегендік: Шахматта бірнеше жүрісті алдын ала ойластыру маңызды болса, қаржы әлемінде де нарықтың дамуын орта және ұзақ мерзімді кезеңде болжай білу қажет.
  2. Тәуекелдерді басқару: Шахматтағы секілді инвестицияда да мүмкін болатын қауіп-қатерді бағалап, қарымта қадамдарды жоспарлау – табысты стратегияның негізі.
  3. Көшбасшылық және эмоциялық интеллект: Қиын сәттерде суыққандылықты сақтай білу, басты мақсатқа назар аудара отырып, команданы ортақ нәтижеге жетелеу де шахмат пен бизнесте бірдей маңызға ие.

Қазақстан Шахмат Федерациясының жетістіктері

Тимур Турлов Қазақстан Шахмат Федерациясының Президенті қызметіне кіріскелі бері федерацияның жеткен табыстары айрықша:

  • Қазақстанның әйелдер құрамасы Шахмат олимпиадасы мен Әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді;
  • Жас дарын Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанды;
  • Алматы қаласында FIDE рапид және блиц бойынша Әлем чемпионаты сәтті өтті;
  • Астанада Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь арасындағы әлемдік шахмат тәжін сарапқа салған тарихи матч ұйымдастырылды.

Бұл жетістіктер Қазақстанның әлемдік шахмат державасына айналып келе жатқанын және Тимур Турлов басқарып отырған федерацияның шахматты жаһандық ауқымда ілгерілетуге қосып жатқан үлесін дәлелдейді.

Бизнес саласындағы шахматтың келешегі

Корпоративтік ортада шахматқа деген қызығушылық күннен-күнге өсіп келеді. Жеке турнирлерден бөлек, компания қызметкерлерінің бір-бірімен жарысып, командалық өзара әрекеттесу мен стратегиялық жоспарлау дағдыларын шыңдайтын корпоративтік шахмат чемпионаттары да жиі ұйымдастырылуда.

Wall Street Gambit конференциясы шахматтың инновациялық ойлаудың қозғаушы күші бола алатынын кезекті рет көрсетті: нарықтағы жаңа мүмкіндіктерді көре білуден бастап, белгісіз жағдайда тосын шешімдер табуға дейін көмектеседі. Қаржы гурулары мен шахмат гроссмейстерлерін бір алаңда тоғыстыру идеясы корпоративтік мәдениет аясындағы жаңа білім беру және өзара іс-қимыл форматын дамытуда зор мүмкіндік ашатыны байқалып отыр.

Алдағы уақытта осындай іс-шаралардың саны көбейіп, шахмат ұйымдары мен әлемдік бизнес қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық одан әрі арта түседі деп күтіледі. Өйткені шахмат пен қаржылық талдаудың табысты болуы бір басты қағидаға негізделген – бірнеше жүрісті алдын ала ойлай білу.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -