Қазақстанның энерго орталықтары көмір және мазутпен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды DKNews.kz.
Орталық коммуникацияар қызметі алаңында ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Илья Рожков БАҚ өкілдеріне 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының өту барысы және халық пен әлеуметтік нысандарды қажетті отымен қамтамасыз ету шаралары туралы мәлімет берді.
Жылыту маусымы тұрақты өтуде. Биылғы жөндеу науқаны аясында электр станцияларында 10 энергоблокты, 63 қазанды және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 9 энергоблокта, 56 қазанда және 37 турбинада жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Оған қоса, 17 мың км электр желілері мен 420 қосалқы станцияда жөндеу жүргізілді.
Барлық іс-шаралар бекітілген кестелерге сәйкес орындалуда. Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері апта сайын энергетикалық кәсіпорындарға барып, жылыту маусымының өту барысын жергілікті жерде бақылап отырады.

Биыл электр станцияларындағы жөндеу науқанына 396 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға көп. Жылу желілері бойынша 323 км жылу магистралінде жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізілді.
Энергия көздеріндегі жанармай қоймаларында 5,6 млн тонна көмір және 148 мың тонна мазут жиналды, бұл нормативтік деңгейге сәйкес келеді. Жыл сайын әкімдіктердің өтінімдері бойынша Министрлік өңірлерге арналған «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітеді. Биылғы жылыту маусымына 257 мың тонна көлемінде мазут қарастырылған.
Энергетика министрлігі облыс әкімдіктерімен, «ҚТЖ» және көмір өндіруші кәсіпорындармен бірлесіп, өңірлерді тұрғындар мен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Республикалық штабтың отырыстарын тұрақты өткізіп келеді. Негізгі міндет – өңірлерде көмірге қатысты жеткізілімдегі кідірістерге жол бермеу.
Өңірлердің жылыту маусымына арналған жалпы көмір қажеттілігі 7,4 млн тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда 6,4 млн тонна көмір дайындалды, бұл жылдық жоспардың 86%-ын құрайды.
Энергетика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты және үздіксіз өтуін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыра береді.