Қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің Біріккен Араб Әмірліктерінде, Еуропада, Түркияда, Әзірбайжанда және басқа елдерде біліктілікті арттыру аясында тәжірибе алмасуына мүмкіндіктер жасалды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жыл қорытындысы бойынша алқа отырысында айтты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуында шешуші рөл атқаратын жүйелі мәселелер қатарында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру қажеттілігін атап өткенін айтты.
Агенттік бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызмет пен оған қажетті құзыреттіліктерге ие мемлекеттік қызметшілерді даярлау бойынша тиісті шараларды жүзеге асыруда. Бұл бағытта озық біліммен алмасу мақсатында шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнауда.
Түркия Президентінің жанындағы HR офисімен тәжірибе алмасу мәселелері бойынша келісім аясында еліміздің 14 өңірінен 35 мемлекеттік қызметші Түркия Республикасында тағылымдамадан өтті. Аталған ынтымақтастыққа сәйкес Ыстамбұл техникалық университетінде (ITU) «Адам ресурстарын басқару» магистрлік бағдарламасы бойынша қазақстандық мемлекеттік қызметшілері үшін жыл сайын 2 квота көлемінде оқу мүмкіндігі берілді.
Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің, Еуропаның, Әзербайжанның алдыңғы қатарлы оқу орындарында жалпы 5 тағылымдама бағдарламасы ұйымдастырылып, оған 110 магистрант және 12 докторант қатысты.
Биыл АҚШ-тың Атқарушы биліктің федералды институтымен төтенше жағдайлар саласындағы қазақстандық мемлекеттік қызметшілер үшін дағдарысты басқару бойынша онлайн оқу семинары өткізілді.
Агенттіктің бастамасымен мемлекеттік қызметшілер үшін «Болашақ» халықаралық стипендиасы бойынша магистратурада оқу мүмкіндігі ашылды. Агенттік өкілдері тәуелсіз сараптамалық комиссия құрамына ене отырып, үміткерлерді іріктеу кезінде мемлекеттік аппараттың қажеттіліктеріне қарай кадрлық жоспарлауды қамтамасыз етеді.
Дархан Жазықбай Агенттік мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы озық әлемдік тәжірибені зерделей отырып, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыратынын айтты. Ол Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы нәтижеге бағытталған ғылыми-зерттеулер компонентін күшейтуге, құзыреттерді дамытуға арналған оқу бағдарламаларын іске асыруға ерекше назар аудару қажет екендігін атап өтті.