Мемлекет басшысы Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидиді қабылдады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бадр әл-Бусаидиге ілтипат білдіре отырып, Оманды Қазақстанның сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі деп атады. Сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Оман екіжақты деңгейдегі, сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзара ықпалдастықты дамыта алады. Оған айтарлықтай әлеует бар.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариққа сәлемін жолдап, оны елімізге сапармен келуге шақырды.
Қазақстанның Оман мемлекетіне құрметі ерекше. Сіздің еліңізге азаматтарымыздың, соның ішінде кәсіпкерлердің, мәдениет қайраткерлерінің қызығушылығы өте жоғары. Сондықтан ынтымақтастығымызды жан-жақты және табысты ете түсу үшін оған тың серпін беру қажет Қасым-Жомарт Тоқаев
Оман сыртқы саясат ведомствосының басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Президентке алғыс айтып, бұл екі ел арасындағы өзара құрметтің жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.
Қазақстанның дамуына зор қызығушылықпен қараймыз. Еліңіз бен халқыңыздың игілігі жолында атқарып жатқан ауқымды реформаларыңыз бізді қайран қалдырады. Қазақстан экономикасының өсу қарқыны, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін еліңіздің осы аймақтағы тату көршілік байланыстарды нығайтудағы негізгі рөлі мен ықпалы таңғалдырады. Әділдік пен баршаға ортақ бейбітшілікке, қауіпсіздік пен өркендеуге бағытталған сыртқы саясаттағы ұстанымыңызды жоғары бағалаймыз Деді дипломат
Кездесу барысында көлік-логистикалық, ауылшаруашылық, мәдени-гуманитарлық және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық перспективасы қарастырылды. Сондай-ақ өзара байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастарын ашу мәселесі талқыланды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бадр әл-Бусаиди өңірлік қауіпсіздікке және көпжақты ұйымдар аясындағы ықпалдастыққа қатысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.