Тегеранда өткен Азия бойынша халықаралық әскери спорт кеңесінің 8-ші конференциясында Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов әріптестерін қазақ күресінен CISM бірінші әлем чемпионатына қатысуға шақырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
CISM Азия жөніндегі вице-президенті бригада генералы Рашид әл-Досаридің басшылығымен өткен іс-шараға Ауғанстан, Бангладеш, Вьетнам, Индонезия, Қазақстан, Камбоджа, КХДР, Оман, Пәкістан, Корея Республикасы, Тайланд, Түрікменстан, Шри-Ланка делегациялары, сондай-ақ Тәжікстан мен Жапониядан келген бақылаушылар қатысты.
Анонстық роликте конференция делегаттарына қазақ дәстүрлері байлығы ұсынылып, ұлттық күрес ережелері түсіндірілді.
– Қазақ күресі – ең көне спорт түрлерінің бірі, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник А. Әбеуов. – Біздің күресіміз тек спортпен ғана шектелмейді. Бұл тарихи мұрамыздың бір бөлігі және әртүрлі ұлттар мен мәдениеттердің өкілдерін біріктіреді. Бүгін біз бұл спорт түрін әскери қызметкерлер арасында дамытуға бар күшімізді салудамыз. Өйткені ол Отан қорғаушылардың қажетті ерік-жігерін арттырып, тәртіп пен өзара сыйластыққа тәрбиелейді.
Полковник Арман Әбеуов турнир достықты нығайтуға және спорттық бауырластықты дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Әскери-спорт ұйымдарының басшылары үшін ол қазақ күресі бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Қазақ күресі бойынша әлем чемпионаты осы спорт түрін насихаттауға және Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы позициясын нығайтуға бағытталған маңызды оқиға болмақ. Бұл Қарулы күштердің, құқық қорғау органдарының және басқа да күштік құрылымдардың спортшыларына өздерінің таланттарын ашып, мықты жақтарын көрсетуге мүмкіндік береді.