БҰҰ Бас Ассамблеясы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша Өңірлік орталығын құру туралы қарарды бірауыздан қабылдады. Құжатты Орталық Азия мемлекеттері атынан Қазақстан ұсынды. Біріккен Ұлттар Ұйымына 152 мүше мемлекет тең авторы ретінде қарарды қолдады. Бұл өз кезегінде бастаманың жоғары маңыздылығын және кең халықаралық консенсусін көрсетеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
БҰҰ ОМД Орталығын құру – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында алғаш рет ұсынылған бастамасын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Орталықты БҰҰ-ның 18 агенттігі жұмыс істеп тұрған Алматыдағы жаңа халықаралық ұйымдар ғимаратының базасында орналастыру ұсынылды.
Мемлекет басшысы Қазақстан өңірдегі ең ірі экономика ретінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және Орталық Азияның орнықты дамуына, өңірлік интеграцияны ілгерілетуде шешуші рөл атқаруға мүдделі екенін атап өтті.
Жаһандық басқарудағы орта державалардың өсіп келе жатқан рөлі Қазақстанның орнықты даму мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі күш-жігерінің маңыздылығын көрсетеді. Қазақстан әлемдегі жетекші күш орталықтары арасындағы маңызды көпір рөлін нығайтуды жалғастыруда және халықаралық ынтымақтастықтың катализаторы ретінде әрекет етуде.
Сонымен бірге Ауғанстанның экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ел халқының орнықтылығы мен өркендеуі Орталық Азияның қауіпсіздігі мен әл-ауқатына тікелей байланысты. Қазақстан ауған халқын тұрақты түрде қолдайды, елді қайта құру, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және өңірлік ынтымақтастыққа интеграциялау үдерістерін жеңілдетуде.
Орталық халықаралық және өңірлік күш-жігерді үйлестірудің, озық тәжірибе алмасудың, техникалық көмек көрсетудің және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізгі алаңына айналады. Ол нақты әрі қол жетімді нәтижелер үшін үкіметтермен, халықаралық ұйымдармен, жеке сектормен және азаматтық қоғаммен тығыз жұмыс жасайды.
Сонымен қатар Орталық БҰҰ жүйесін жандандыру процестеріне елеулі үлес қосып, өңірлік деңгейде Ұйым қызметінің тиімділігін арттыруға көмектесетін болады. Оның жұмысы БҰҰ агенттіктері арасындағы үйлестіруді нығайтуға, жаһандық бастамаларды өңірлік қажеттіліктерге бейімдеуге және оның тиімділігін арттыруға бағытталған БҰҰ-ның ағымдағы реформаларына сәйкес келетін инклюзивті көпжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталатын болады.
Бұл қарардың қабылдануы орнықты дамуға өңірлік көзқарасты жаһандық қолдауды көрсетеді және халықаралық қоғамдастықтың Орталық Азия мен Ауғанстанның тұрақтылық, өркендеу және жаһандық даму үдерістеріне интеграция жолындағы ілгерілеуіне жәрдемдесуге дайын екенін көрсетеді.