2024 жылы Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті сәтті аяқталған соң, ұйымға төрағалық ету кезегі Қытайға өтті. Бейжің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр. Осыған орай, ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь 2024–2025 жылдардағы Қытай төрағалығының басымдықтары, аймақтық қауіпсіздікті нығайту, экономикалық өсуді ілгерілету және гуманитарлық байланыстарды кеңейту жөніндегі стратегиялық бастамалар туралы кеңінен әңгімеледі.
Мақалада Қытайдың негізгі саяси бағыттары талданады. Оның ішінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «бес ортақ үй» тұжырымдамасы ерекше аталады. Бұл тұжырымдама аймақ елдері арасындағы бірлік, өзара сенім және әділеттілікті күшейтуге бағытталған. Қытай 2025 жылды «ШЫҰ-ның тұрақты даму жылы» деп жариялап, кедейшілікпен күрес, азық-түлік қауіпсіздігі, цифрлық экономика, энергетика және экобағдарламаларды қамтитын ауқымды жоспарды таныстырды.
Сонымен қатар 2025 жылы өтетін ШЫҰ саммитіне дайындық жайы да қозғалды. Бұл саммит Қытайдың төрағалығы кезеңіндегі басты оқиға болмақ. Онда Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің және БҰҰ-ның құрылғанына 80 жыл толуына орай стратегиялық декларация қабылдану көзделген. Сондай-ақ ұйымның ұзақ мерзімді даму стратегиясы талқыланады.
©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Қытай ШЫҰ-ның халықаралық аренадағы рөлін қалай күшейтпек? Жаһандық сын-қатерлермен күрес және экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Бейжің қандай қадамдар жасайды? Осы үдерісте Қазақстан қандай рөл атқарады? Осы сұрақтардың жауабы – ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь мырзаның мақаласында.
ШЫҰ-ның дамуы және «Шанхай рухы»
2001 жылы құрылған сәтінен бастап, Шанхай ынтымақтастық ұйымы әрдайым «Шанхай рухын» ұстанып келеді. Бұл рух – өзара сенім, өзара пайда, теңдік, өзара кеңесу, мәдени әралуандылықты құрметтеу және ортақ даму жолында ұмтылу қағидаттарын қамтиды. Ұйым осы құндылықтардың негізінде саяси сенімді нығайтып, тату көршілік пен достық қатынастарды кеңейтіп, аймақтық қауіпсіздікті бірге қорғап, тәжірибелік ынтымақтастықты тереңдетіп келеді. Нәтижесінде ШЫҰ-ның ықпалы, бірлігі және тартымдылығы үнемі артып отыр.
© Sputnik / Сергей Величкин
Бүгінде ШЫҰ «отбасысы» бастапқыдағы 6 іргетас қалаушы мемлекеттің қатарынан 10 мүше мемлекетке дейін өсті. Оған қоса 2 бақылаушы мемлекет пен 14 диалог бойынша серіктес ел бар. Осылайша, үш құрлықтағы 26 елді біріктіріп, жиынтық аумағы 36 миллион шаршы шақырымнан асады – бұл Еуразия құрлығының 65%-ынан көп. Ал ұйымға мүше мемлекеттердегі халық саны 3,3 миллиардтан асқан, яғни әлем тұрғындарының шамамен 42%-ы. Жер шарының ең ауқымды аумағы мен халқы бар трансөңірлік халықаралық ұйым санатындағы ШЫҰ әлемдік аренада айрықша орынға ие.
e-cis.info
Мүше мемлекеттердің бірлескен еңбегінің арқасында ШЫҰ саяси, қауіпсіздік, экономикалық, гуманитарлық салаларда, сыртқы саясат пен институттық құрылым бағыттарында ауқымды ынтымақтастықты дамытып келеді. Ұйым бейбіт дамудың тиімді үлгісін көрсетіп, қауіпсіздік тірегі мен ынтымақтастық көпіріне, сондай-ақ достық пен конструктивті күшке айналды. Бұл аймақтағы елдердің бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауына, бірлесіп дамып өркендеуіне жол ашты және халықаралық қатынастардың жаңа үлгісін қалыптастыруға үлгі болды.
Қытай мен Қазақстан: ШЫҰ аясындағы стратегиялық серіктестіктер
Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрған елдердің бірі ретінде Қытай мен Қазақстан ұйым шеңберінде тығыз қарым-қатынас ұстап, оның құрылуы мен дамуына, ынтымақтастықтың түрлі салаларда тереңдеуіне зор үлес қосты. Екі ел де ШЫҰ-да ортақ тағдыр қауымдастығын құру идеясын белсенді қолдайды және іс жүзінде жүзеге асырып келеді.
2023–2024 жылдар аралығында Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық етті. Осы кезде Қазақстан өз міндеттемелерін белсенді орындап, ұйым жұмысына нақты әрі тиімді көзқарас ұсынды. 2024 жылдың шілдесінде Астанада өткен ШЫҰ саммиті зор табыспен аяқталды: «Астана декларациясы», Елдердің ынтымақтастығы негізінде әділетті әрі келісімді әлемді құру туралы бастама, тату көршілік, өзара сенім және серіктестік қағидаттары туралы мәлімдеме секілді маңызды құжаттар, сондай-ақ экономика, қаржы, қауіпсіздік, гуманитарлық байланыстар және ұйымның институттық құрылымы салаларын қамтыған 26 қорытынды құжат қабылданды. Бұл жетістіктер ШЫҰ-ның аймақтық тұрақтылықты, қауіпсіздікті және өркендеуді нығайтудағы стратегиялық рөлін тағы бір дәлелдеп берді.
Саммитте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұйымға мүше мемлекеттерге ортақ тағдыр қауымдастығы идеясын берік орнықтыруды ұсынды. Елдер бір-бірін қолдап, «бес ортақ үй» – тұтастық пен өзара сенім, бейбітшілік пен қауіпсіздік, өркендеу мен даму, тату көршілік пен достық, теңдік пен әділеттілік қағидаттарына сүйенуі қажет екенін айтты. Бұл тәсіл ШЫҰ-ның келешек даму стратегиясына бағыт сілтеді.
Астанадағы саммиттен кейін 7 жылдық үзілістен соң ШЫҰ-ға төрағалық ету Қытайға қайта оралды. Бейжің бұл мүмкіндікті пайдалана отырып, мүше мемлекеттермен бірге «бес ортақ үй» тұжырымдамасын іске асыруға күш салмақ. Сондай-ақ халықаралық қатынастардың жаңа үлгісін және адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын құруға белсенді атсалыспақ. Мұнда өзара құрмет, әділеттілік пен адалдық, өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттары басшылыққа алынады.
Қытай төрағалығының негізгі бағыттары
Біріншіден, бір тақырып аясында сегіз негізгі сала бойынша ынтымақтастық дамиды. Қытай 2025 жылды «ШЫҰ-ның тұрақты даму жылы» деп жариялады және Глобалдық даму бастамасының сегіз негізгі саласында (кедейшілікті қысқарту, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және вакциналар, даму қаржыландыруы, климаттың өзгеруі мен жасыл даму, индустрияландыру, цифрлық экономика және өзара байланыстылық) бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. «Бір белдеу, бір жол» жобасын аймақ елдерінің даму стратегияларымен ұштастыру жалғасып, сауда мен инвестиция, энергетика, цифрлық экономика, қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы және жасыл даму секілді салалардағы ынтымақтастықты күшейтуге, сол арқылы аймақ елдерінің жаңғыруына қолдау көрсетпек.
Кирилл Калинников/РИА Новости
Екіншіден, ШЫҰ саммитін өткізу және екі негізгі құжатты қабылдау жоспарланған. 2025 жылғы саммит – ШЫҰ аясындағы ең маңызды шара және Қытай төрағалығының басты жұмысы. 2018 жылы Циндаода өткен саммит ұйымның дамуында айтулы белес болған еді. Енді 2025 жылы Қытай ШЫҰ-ны жаңа сапалық кезеңге бастау үшін ұйым мүше елдері басшыларының достығын, бірлігін және нәтижелі ынтымақтастығын айғақтайтын жоғары деңгейдегі саммит өткізуді көздеп отыр. Саммитте ұйымның кезекті дамуы үшін бірлікті нығайту, өзара іс-қимылды күшейту, серпінді әрі тиімді даму стратегиясын қалыптастыру міндеттері қаралады. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің және БҰҰ-ның құрылғанына 80 жыл толуына орай Саммит декларациясы қабылданады. Бұл құжатта мүше мемлекеттердің өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ортақ ұстанымы баяндалып, ұйымның алдағы кезеңге арналған даму стратегиясы анықталмақ.
ТАСС/РИА Новости
Үшіншіден, бір ұран және 100-ден астам шара. Төрағалықты қабылдағаннан кейін Қытай «“Шанхай рухын” ілгерілету: әрекет етуші ШЫҰ» деген ұран ұсынды. Бұл ұран ұйымның құр қиял жетегіндегі «клуб» емес, керісінше нақты істер мен нақты нәтижеге ұмтылатын ұйым екенін айғақтайды. Сол үшін Қытай ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылым кеңесінің отырысын, шекара қызметтері басшыларының кездесуін, бірлескен терроризмге қарсы оқу-жаттығуларды және басқа да көптеген шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Мұның бәрі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық пен мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар кәсіби шеберлік байқаулары, электронды сауда бойынша тікелей көрсетілімдер, баспа саласына арналған конференциялар өткізіліп, салалық ынтымақтастықты тереңдетуге үлес қосады. Форумдар, жастар лагерлері, Куньмин халықаралық марафоны, әйелдер форумы сияқты мәдени-гуманитарлық шаралар түрлі елдердің халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға бағытталған. Әсіресе «ШЫҰ-ның тұрақты даму жылы» тақырыбы аясында Қытай жасыл даму мен кедейшілікті қысқарту бойынша тәжірибелік сабақтар өткізді, экология, жасыл және төмен көміртекті технологиялар жайлы ақпарат алмасу жұмыстарына басымдық берді. Мұның бәрі аймақ елдері мен халықтарына нақты пайда әкеліп, инновация арқылы тұрақты дамуға жетуді қолдады.
Алдағы уақытта министрлер деңгейіндегі жиындарға қоса, Қытайда саяси партиялар тәжірибесімен алмасу форумдары, жаһандық басқару мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, жастар инновациясы мен кәсіпкерлігі байқаулары, кинофестивальдар, телевизиялық фестивальдар, өнер фестивальдары сияқты көптеген қызықты шаралар өтеді. Мұның барлығы ШЫҰ-ның дамуына жаңа серпін беруді көздейді.
Жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы ШЫҰ
Бүгінгі әлем терең өзгерістер дәуірін бастан кешіруде, жаһандық деңгейде жаңа қиындықтар туындап жатыр. Геосаяси қақтығыстар, біржақтылық, протекционизм, дәстүрлі әрі дәстүрлі емес қауіптер көбейіп, адамзат тағы да тарихи жолайрықта тұр. Халықаралық қауымдастық дәл осындай шақта ШЫҰ-ның жаһандық қауіпсіздік пен дамуға қосар үлесін зор үмітпен күтуде.
Қытай адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын құру идеясын берік ұстанып, барлық елдермен бірлесе «Шанхай рухын» жан-жақты ілгерілетуге, бірлікті және ынтымақтастықты күшейтуге дайын. ШЫҰ-ның жаңа биіктерге көтерілуіне де осы арқылы үлес қоспақ. Бұдан бөлек, ұйым механизмі одан әрі жетіліп, түрлі салалардағы өзара іс-қимыл тереңдей түседі. Әлемдік даму, қауіпсіздік және мәдениет бойынша жаһандық бастамаларды адал іске асыру арқылы аймақтық және ғаламдық бейбітшілік пен тұрақтылық, даму мен өркендеу ісіне мол үлес қоспақ.
Қорыта айтқанда, Қытайдың ШЫҰ-ға төрағалық етуі барысында қолға алынатын кешенді шаралар ұйымның жаһандық ауқымда маңызды күшке айналуына ықпал етіп, Еуразиядағы геосаяси тепе-теңдіктің оң өзгерісіне серпін береді. Қазақстан да бұл үдерістің белсенді қатысушысы әрі негізгі тірегі ретінде аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, өзара тиімді экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға қомақты үлес қоса бермек.