Рас әл-Хайма Әмірлігі табиғи көркі, жоғары деңгейлі сервисі және заманауи инфрақұрылымдық шешімдері арқылы әлемдік туризм нарығында өзінің позициясын қарқынды түрде нығайтып келеді. «Деловой Казахстан» және DKnews.kz басылымдарына берген эксклюзивті сұхбатында Әмірліктің Туризмді дамыту департаменті вице-президенті Иад Расбей мырза осы саладағы негізгі жетістіктер мен алдағы даму жоспарларымен бөлісіп, өңірдің цифрландыру, тұрақты даму және саяхатшылардың түпнұсқалы әсер іздеу трендтеріне қалай бейімделіп жатқанын баяндады.
Сұхбатта Рас әл-Хайманың Қазақстан нарығына деген ерекше назары да сөз болды. Соңғы жылдары Қазақстаннан келетін туристердің саны күрт өсіп, қазір бұл ел әмірлікке ең көп саяхаттайтындардың ішінде екінші орынға шығып отыр. Иад Расбей мырза қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін қандай қадамдар жасалғанын, соның ішінде “бәрі қамтылған” қонақүй жүйесін кеңейту және орыс тілінде қызмет көрсету мүмкіндіктерін енгізу сияқты бастамаларды атап өтті.
2030 жылға қарай қандай биік мақсаттар көзделген? Алдағы уақытта туристерді қандай жаңа жобалар күтеді және не себепті Рас әл-Хайманы «табиғат әмірлігі» деп атайды? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға біздің эксклюзивті сұхбатымыздан жауап таба аласыздар.
– Иад мырза, шамамен екі жыл бұрын бізбен сұхбаттасқан едіңіз. Уақыт бөлгеніңізге рақмет. Айтыңызшы, қазіргі таңда Рас әл-Хаймадағы туристік саланың жағдайын қалай бағалайсыз және туристерді тарту мен туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша өзіңіз қандай нақты мақсаттар қойып отырсыз?
– Ең алдымен, маған тағы да сұхбат беруге шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Қазақстанға қайта оралып, жергілікті БАҚ өкілдерімен пікір алмасу әрдайым мен үшін үлкен қуаныш.
Өткен жыл туристер ағыны жағынан біз үшін рекордтық жыл болды.
Біз 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті үш есеге арттыруды көздеп отырмыз. Яғни онжылдық соңында осы мақсатқа жетуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда Рас әл-Хайманың туристік саласы өзгеріс кезеңінен өтуде. Әмірлікте жаңа қонақүйлер салынып, инфрақұрылым жан-жақты дамып жатыр.
Бізде жалпы әмірлікті дамыту бойынша бас жоспары бар, онда алдағы 25 жылда өңірдің қандай болатыны нақты көрсетілген. Өзімізге зор міндеттер қойдық, әрі Рас әл-Хайма – болашақтың туристік бағыты деген сенімдеміз. Әсіресе, Қазақстан сынды нарықтар үшін үлкен әлеует бар екенін көріп отырмыз. Мұндағы туристер легін одан әрі арттыра аламыз деп ойлаймын.
– Соңғы бірнеше жылда әмірлікті туристік бағыт ретінде ілгерілету тұрғысынан қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Біз әрдайым серіктестерімізбен, туроператорлармен тығыз жұмыс істейміз. Әр нарықтың, соның ішінде Қазақстанның да саяхатшы профилін мұқият зерттеп, олардың нақты қажеттіліктерін түсінуге ұмтыламыз. Мәселен, қазақстандық отбасы не қазақстандық турист Рас әл-Хаймадан қандай қызмет күтетінін, демалысты қалай өткізгісі келетінін анық білеміз.
Сол себепті қонақүйлерімізде қазақтандық саяхатшылар өзін жайлы сезінуі үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылады. Мысалы, рецепция мен мейрамханаларда орыс тілін меңгерген қызметкерлердің болуына мән береміз, өйткені Қазақстаннан келетін қонақтар осындай сервисті жоғары бағалайды.
Сондай-ақ қазақстандық туристер “бәрі қамтылған” (“all inclusive”) жүйесін жиі таңдайды. Сол үшін көп қонақүйіміз дәл осы тамақтану форматын ұсынады. Өзге нарықтармен де осы іспеттес жұмысты жүргіземіз. Яғни, әр рынокқа бейімделген өнім әзірлеу арқылы туристердің көңілінен шығуға тырысамыз.
– Әлемдік туристік нарықта бәсеке өте жоғары. Рас әл-Хайма Қазақстанның саяхатшылары үшін несімен тартымды? Әмірліктің осы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі туралы не айтасыз?
– Жалпы, жаһандық ауқымда туризм саласы қашанда бәсекелестікке толы. Алдымен мынаны атап өткім келеді: Біріккен Араб Әмірліктері – әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі.
Бізде қауіпсіздік деңгейі өте жоғары, барлық діндерге, дәстүрлер мен мәдениеттерге құрметпен қарайды. ОАЭ-ға, соның ішінде Рас әл-Хаймаға келген кез келген саяхатшы өзін еркін сезінеді.
Екіншіден, әрине, климатымыз. Қазақстанда күн суытқанда бізде жаз мезгіліндей жағымды ауа райы сақталады. Бұл – тек Қазақстанға ғана емес, Еуропа мен басқа да елдерге тиімді демалыс бағыты.
Қазақстанмен нақты мысал келтірсек, соңғы бес жыл көлемінде біз жергілікті серіктестерімізбен тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Нәтижесінде қазақстандықтар Рас әл-Хаймада өздерін үйіндегідей сезінеді. Оның дәлелі – қайталап келетін туристер санының көптігі. Яғни, бір келгеннен кейін келесі жылы тағы келуді әдетке айналдырғандар көп.
– Сіздің ойыңызша, әлемдік туризмдегі қазіргі ең маңызды тенденциялар қандай және олар Рас әл-Хайманың даму стратегиясында қалай көрініс табады? Мәселен, цифрландыру, түпнұсқалы әсерлерге деген сұраныс және т.б.
– Қазір цифрландыру бағыты өте қарқынды дамып жатыр. Бұл салада біз қандай қадамдар жасап жатырмыз?
Қазіргі заман саяхатшысы бәрі бір-ақ рет түртсең (бір рет бассаң) қолжетімді болғанын қалайды. Яғни, отель брондау, жеткізу қызметтері, мобильді қосымша арқылы тамаққа тапсырыс беру – бәрі де тез әрі ыңғайлы болуы тиіс.
Бірақ, сонымен бірге, адаммен тікелей қарым-қатынас та маңызды. Мобильді қосымша арқылы тамаққа тапсырыс бергенмен, оны әкелетін адамның да жылы қабағы мен тірі сөзі керек. Робот емес, адам қызмет еткенін қалаймыз.
Тағы бір үрдіс – “бәрі қамтылған” жүйесінің танымал болуы. Бұрынғыдай тек ТМД елдеріне тән емес, бүгінде Еуропа да мұндай форматқа қызығушылық танытып отыр. Рас әл-Хаймада және жалпы ОАЭ-де біз “all inclusive” үлгісін өте жоғары сапалы сервиспен ұштастырып, ұсынуға тырысамыз.
Үшінші үрдіс – адамдар тыныш, саябыр жерлерге барғысы келеді. Қазіргі саяхатшылар у-шу мегаполистен тыс, жанға жайлы курортты қалайды. Рас әл-Хайма тап осыған өте қолайлы.
– Туризмді дамытқанда түпнұсқалықты сақтау мен табиғатты қорғау арасындағы тепе-теңдікті қалай ұстайсыздар? Туризмнің табиғи ортаға теріс әсерін азайту бағытында қандай шаралар қолға алынған?
– Біз Әмірліктің табиғи қалпын мейлінше сақтауға көп көңіл бөлеміз. Алдағы алты жылда туристер санын үш есеге арттыруды жоспарласақ та, біз “табиғат әмірлігі” атанған атымызға дақ түсіргіміз келмейді.
Тым көп адам жиналып, ығы-жығы болып кетпес үшін алдын ала тиісті жобалау жүргіземіз. Жаңа қонақүйлер кең жағажайларымен, бірнеше бассейнмен салынады.
Мысалы, бір қонақүйде алты, жеті, тіпті сегіз-тоғыз бассейн болуы мүмкін, ал жағажай ұзындығы бір шақырымды құрайды. Бұның бәрі саяхатшылардың бір-біріне кедергі жасамай, жайлы демалуына мүмкіндік береді. Осылайша адамдардың тығыздығы аз, табиғаттың тұмса сұлулығы сақталған ортада демалуға жағдай жасаймыз.
Туристік маусымның ең қарбалас шағында да көп адам толып кеткендей әсер сезбейсіз. Табиғат пен туризмнің теңдігін сақтау – біздің басты қағидамыз.
– Рас әл-Хайманың табиғи ландшафттары ерекше саналуын ескерсек, табиғатқа негізделген қандай туризм түрлерін бірінші кезекте дамытуды жоспарлап отырсыздар?
– Бізде шынында да сирек кездесетін табиғи ресурстар бар. Мысалы, Джебель Джайс – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең биік шың. Қазір ол елдің шытырман оқиғалы туризм орталығына айналды. Мұнда әлемдегі ең ұзын зиплайн орналасқан, басқа да түрлі белсенді демалыс түрлері көп.
Сонымен қатар кең байтақ шөл дала, 80-нен астам мәдени мұра нысандары бар, оның төртеуі ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген. Біз олардың сақталуы мен дамуына ерекше көңіл бөліп, туристерге бірегей тәжірибе ұсыну үшін жұмыс істеп келеміз.
Мәселен, Джебель Джайс тауында кемінде екі күнді қызықты өткізуге болады. Зиплайн тебу, мәдени-танымдық саяхаттар, шөл даламен танысу, жағажайдағы демалыс – бәрін бір саяхат аясында қамтуға мүмкіндік бар.
Жаңа жобалар да қолға алынып жатыр. Мәселен, биылдың өзінде Джебель Джайста параглайдингті іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қалған жобалар әзірге құпия. Жақын арада жариялаймыз.
– MICE-туризм (іскерлік шаралар, конференциялар, корпоративтік сапарлар) Рас әл-Хаймада қалай дамып жатыр? Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қандай артықшылықтар ұсынылады?
– 2024 жылы MICE-туризм көрсеткіштерінде өткен жылмен салыстырғанда 40 пайыздық өсім болатыны белгілі болып отыр. Мұндай нәтижеге бизнес кездесулер, конференциялар мен корпоративтік сапарларды көбейту арқылы қол жеткіземіз.
Соңғы бес жылда біз серіктестерімізбен жұмыла отырып, Рас әл-Хайманы жаһандық MICE-нарыққа белсенді енгіздік. Әдетте туристер бізді жай ғана демалыс орны ретінде қабылдайды. Алайда іскерлік шаралар өткізетін компаниялар үшін де біз ерекше өнім әзірледік. Мысалы, корпоративтік топтарға арнап тауға шығу, шөлде кездесу өткізу, жағажайдағы командалық тимбилдинг сияқты ерекше бағдарламалар ұсына аламыз.
Бізде теңіз жағасында орналасқан, өңірде теңдесі жоқ еңселі конгресс-орталық бар. Ол жеке кешен ретінде бой көтерген, теңізге тікелей шығады.
Сондай-ақ MICE-сегментті қолдау бағдарламаларымыз да бар. Мәселен, ірі топтарды әкелетін ұйымдастырушыларға ынталандыру пакеттерін ұсыну, мәдени нысандарды іскерлік кешкі ас немесе салтанатты қабылдаулар үшін тегін немесе жеңілдікпен пайдалану секілді мүмкіндіктер береміз. Сондықтан MICE-сегмент жыл сайын арта түседі деген сенімдеміз.
– Сіз үшін осы уақытқа дейінгі ең маңызды жетістік не? Қай жетістіктеріңізбен ерекше мақтанасыз?
– Мақтанарлық жайт көп. Атап айтсам, Қазақстан нарығында қол жеткізген көрсеткіштеріміз мен үшін аса маңызды. Бес жыл бұрын Қазақстаннан келетін туристер саны анағұрлым аз еді. Ал бүгінгі күні Қазақстан – біз үшін туристер саны жағынан екінші орынға ие нарық. Бұл біздің жұдырықтай жұмыла жұмыс істегеніміздің және туристік өнімімізді дұрыс бейімдеп, нарыққа сәйкестендіре білгеніміздің арқасы. Алдағы уақытта 3,5 миллион турист тартамыз деген мақсатыңызға Қазақстан туристерінің қосар үлесі зор болмақ.
– Рас әл-Хаймаға баруды жоспарлап жүрген саяхатшыларға қандай кеңес бересіз? Міндетті түрде көру немесе жасап көру керек дейтін нендей орындар мен белсенділіктерді ұсынасыз?
– Рас әл-Хаймада қызықтың бәрін тізіп шығу ұзаққа созылар еді. Дегенмен, ешқайда ұқсай қоймайтын бірегей нысандарды атап өтейін.
Әрине, ең алдымен әлемдегі ең ұзын зиплайнға бару керек. Сондай-ақ тау етегінде орналасқан 1484 мейрамханасына соққан жөн. Бұл – елдегі ең биік мейрамхана, мұнда болғаныңызды мақтан ете аласыз.
Сонымен қатар маржан (інжу) фермасы – тек Рас әл-Хаймаға тән нысан. Бұдан бөлек, шөлде түйеге мінуге, атақты мәдени мұраларды аралауға кеңес беремін.
Қысқасы, мұнда белсенді демалыстың да, мәдени-танымдық туризмнің де түр-түрін таба аласыз. Мұның бәрін бір сапарда сынап көруге кеңес беремін.
Рас әл-Хайма Әмірлігі бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларды жылы климатымен, табиғатының алуан түрлілігімен және жоғары деңгейлі сервисімен баурап келеді. Жеке туристер мен бизнес-саяхатшыларға қолайлы жағдай ұсына отырып, әмірлік 2030 жылға дейін туристер санын үш есеге көбейтуді көздеп отыр.
Қазақстандықтар үшін Рас әл-Хайма – демалыс үшін де, ерекше әсер алу үшін де таптырмас орын. Мұнда “бәрі қамтылған” жүйесі бар жоғары деңгейлі қонақүйлермен қатар, Джебель Джайстағы таңғажайып зиплайн, інжу фермасына саяхат және тарихи-мәдени ескерткіштерді тамашалау сияқты бірегей тәжірибелерді бастан өткеруге болады.
Иад Расбей мырзаның айтуынша, әмірлік тұрақты даму қағидаттарын берік ұстанып, экология мен инновациялық технологияларға ерекше мән береді. Туристер үшін қолайлы орта құру арқылы табиғатты да сақтап қалу – Рас әл-Хайманың басты ұстанымы. Бұл өңірдің болашағы жарқын, ал оған саяхаттау – ұмытылмас сапар болары сөзсіз.