Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Аркадаг қаласында (Түркіменстан) өткен «Бейбітшілік және сенім жылы: балалар атынан халықаралық қызметті дамыту» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Форум балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау саласында пікір және тәжірибе алмасудың нәтижелі алаңына айналды.
Бүгінде Қазақстанда 6,8 млн-нан астам бала тұрады, бұл әрбір үшінші азаматтың бала екенін білдіреді. Олардың үштен бірі немесе 2,4 миллион бала - 5 жасқа дейінгі балалар. Жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді.
«Бүгінгі таңда әрбір босандыру ұйымында ана болу қауіпсіздігі қағидаттары және салмағы аз балаларға күтім жасау үшін терапия мен реанимацияның заманауи технологиялары қолданылады. Қазақстанда 2024 жылы профилактикалық қарап-тексерулермен 18 жасқа дейінгі 4,5 млн.бала қамтылды, бұл ретте әрбір бала медициналық бақылаумен қамтылды. Туған сәттен бастап 6 жасқа дейін скринингтің 4 түрі жүргізіледі, бұл жаңа туған нәрестеде фенилкетонурия мен туа біткен гипотериозды анықтауға бағытталған неонаталдық, есту қабілетінің бұзылуын анықтауға арналған аудиологиялық, шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтауға арналған офтальмологиялық және психофизикалық скрининг», - деп атап өтті ведомство басшысы конференцияға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде.
2025 жылғы наурыздан бастап ата-аналарға бала күтімі мәселелері бойынша консультация берудң, даму бұзылыстары анықталған кезде ерте араласудың жеке бағдарламасын әзірлеуді қамтитын «жүктіліктен бастап екі жасқа дейінгі 1001 күн» бағдарламасы енгізілуде.
Біздің елімізде балалар жоғары мамандандырылған көмектің ең күрделі түрлеріне қол жеткізе алады. 2024 жылы тек балалар кардиохирургиясы саласында 2,5 мыңға жуық операция жасалды, оның ішінде туа біткен кемістігі бар 300-ден астам жаңа туған нәресте жедел ем алды.
Өткен жылы алғаш рет «Феталдық медицина» дамыды, бұл ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын аз инвазивті ем-шаралармен түзетуге және емдеуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда осындай 37 сәтті операция жасалды.
Офтальмологиялық скрининг нәтижелері бойынша ретинопатиясы бар шала туған нәрестелерге 400-ден астам ретиналдық лазерлік коагуляция операциясы жасалды. Диагноз қойылғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда хирургиялық емдеу 469 нәрестенің көру қабілетін сақтап қалды. Бұрын ауыр көру патологиясы бар шала туған нәрестелер мүгедек болып қала берді.
Мүгедектігі бар және күрделі диагнозы бар балаларға оңалту көмегін көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 300 мыңнан астам бала стационарлық және амбулаториялық деңгейде түзету және қалпына келтіру емі курстарын алды.
Балалар денсаулығын жақсарту мақсатында денсаулық сақтау жүйесіне жаңа міндеттер қойылды. Бұл мектеп жасындағы балаларды дұрыс тамақтану және дене белсенділігі негіздерінен бастап салауатты өмір салтына ынталандыру, МСАК ұйымдарында әмбебап патронаж қызметін күшейту, скринингтер мен профилактикалық қарап-тексерулердің тиімділігін арттыру, ерекше балаларға медициналық көмек көрсету, кадрлық әлеуетті нығайту және басқа да бірқатар міндеттер.
Форумның шеңберінде министр түркімендік әріптестерімен, сондай-ақ Гурбангулы Бердімұхамедов атындағы қамқорлыққа мұқтаж балаларға көмек көрсету жөніндегі қайырымдылық қорының емдеу қызметі жөніндегі вице-президенті Огулджахан Атабаевамен бірқатар кездесулер өткізді.
Конференцияның қорытындысы бойынша қатысушылар қазақстандық тараппен балалардың денсаулығын сақтау саласындағы технологиялармен және үздік тәжірибелермен алмасу бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді.