Астанада «Адамзаттың бәрін сүй!» айтысында еліміздің үздік ақындары анықталды

1243
Фотосурет: amanatpartiasy.kz

Елордада «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен республикалық айтыс өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

News

25 қазан – Республика күні қарсаңында елордада Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония қабырғасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «AMANAT» партиясы ұйымдастырған дәстүрлі «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың бәрін сүй!» тақырыбындағы дүбірлі додаға осы жылы республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарған 14 ақын қатысты.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Республика күні мемлекеттігіміздің жаңа шежіресі жазылған, тарихымыздың жаңа парағы ашылған еліміз үшін ең қастерлі мейрам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір руханият пен мәдениетке ерекше мән беріп отыр. Осы бағытта қаншама жұмыстар жасалып та жатыр. Президенттің интеллектуалды ұлт құру идеясы – болашағымызды айқындайтын аса маңызды бағыт. Осы орайда, «AMANAT» партиясы да әдебиет пен руханиятқа, ұлттық өнерге, соның ішінде осы айтысқа жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өткім келеді» «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек

Осы орайда, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов ведомство басшысы Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

«Айтыс – халқымыздың рухани болмысының айнасы, ғасырлардан жеткен қасиетті өнер. Оны қастерлеу, жаңа дәуірдің тынысымен қайта түлету және жас ұрпақтың санасына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын ұлттық өнерді дәріптейтін, дәстүр сабақтастығын жалғайтын осындай іргелі жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Еліміздің игіліктері мен жетістіктері, халықтың жарқын болашағы ұлт мерейін асқақтататын ұлық мерекеге арналып отырған бүгінгі айтыстың арқауына айналып, ақындарымыздың шабыты шалқи берсін. Бабалар салған сара жолды жалғап, ел рухын асқақтатып жүрген жүйріктерге шығармашылық табыс, баршаңызға мол игілік пен бақ-береке тілеймін» Аида Балаева

Өз кезегінде, айтыс тізгінін ұстаған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай жыл басынан бері «AMANAT» партиясының қолдауымен түрлі деңгейдегі айтыстар ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.

«Айтыс – халқымыздың мәдени мәйегі, рухани жәдігері. Сондықтан жыл өткен сайын төл өнеріміздің маңызы артып, аясы кеңейіп келеді. Мәселен, мамырда ЮНЕСКО-ның Париждегі Бас штаб-пәтерінде қазақ және қырғыз ақындары топқа түскен айтыс өткізілді. «Хабар» телеарнасында қазақтың өткені мен бүгінін ұштастырған «Жекпе-жек айтыс» көрермен көзайымына айналды. Қазақстанның барлық аймағын қамтыған командалық айтыс шілдеде Ақтау қаласында түйінделді. Ал бүгінгі «Алтын домбыра» айтысы Республика күні қарсаңында тәу етер Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, мемлекетіміздің мерейін үстем етеді деген сенімдемін» Аманжол Әлтай

Қазылар алқасының төрағасы – ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының Төрағасы Жүрсін Ерман. Сондай-ақ ақындардың сөз барымтасын Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов, Қазақстанның халық ақыны, айтыс ардагері Әсия Беркенова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев, айтыс ардагері, Мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабеков бағалады.

Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені – Айбек Қалиев (Қостанай облысы) иеленді. Оған «Алтын домбыра» және пәтер табысталды. Жүлделі 1-орын және автокөлік – Бексұлтан Орынбасарға (Қызылорда облысы) бұйырды. Ал 2-орынды – Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) және Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе облысы) қанжығалады. Олардың әрқайсысына 1,5 млн теңге сыйақы берілді. Бұл ретте, 3-орынды – Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы) және Дидар Қами (Қарағанды облысы) өзара бөлісіп, 1 млн теңгеден иеленді. 

Бұған қоса, Серік Қуанған «Айтыс ақтаңгері» атанып, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі автокөлік мінгізді. Сондай-ақ автокөлікті Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе облысы) тақымдады. Ал Қонысбай Әбілов атындағы арнайы жүлде мен 750 мың теңге – Нұрлан Есенқұловқа (Шымкент қаласы), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлде мен 750 мың теңге – Әсем Ережеқызына, Ерік Асқаров атындағы жүлде мен 750 мың теңге – Дәурен Ақсақаловқа (Түркістан облысы), Көкен Шәкеев атындағы арнайы жүлде мен 750 мың теңге, пәтер және автокөлік – Сара Тоқтамысқа (Астана қаласы), ұсынылды. 

Ынталандыру сыйлығы Аспанбек Шұғатайға (Павлодар облысы), Жарқын Жұпарханға (Солтүстік Қазақстан облысы), Рүстем Қайыртайға (Абай облысы) және Абай Жолмағанбетке (Маңғыстау облысы) табысталды. Әр ақынға 500 мың теңге берілді.

Айта кетейік, екі күнге созылған аламан айтысқа «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасы ақпараттық қолдау көрсетті. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -