Словакиядағы қазақ диаспорасының ұйымдастыруымен, Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Братиславадағы көркем Кухайдо көлінің жағасында көктемгі жаңарудың, бірлік пен жаңа жылдың нышаны саналатын Наурыз мейрамы аталып өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мерекеге тек Словакияның түрлі өңірлерінде тұратын отандастарымыз ғана емес, сонымен қатар көптеген шетелдік қонақтар да қатысты.
Словакия тұрғындары Қазақстанның бай әрі төл мәдениетімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды. Алаңға көшпелі өмір салты мен қонақжайлылықтың символы – қазақтың киіз үйі орнатылды. Қонақтар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, дәстүрлі музыканы тыңдап, билері мен әндерінен рухани әсер алды. Ұлттық ойындар мен түрлі байқаулар мерекелік көңіл-күйді арттырып, әрбір қатысушы өзін үлкен отбасының мүшесі ретінде сезіне білді.
Қазақ халқының қонақжайлығын дастарханнан орын алған наурыз-көже, бауырсақ, палау және тәттілер қазақтың бай ас мәзірін таныстырып қана қоймай, дәстүр мен дәм үндестігін көрсетті.
Елшілік ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, шетелде ұлттық бірегейлікті сақтауға, Қазақстан мен Словакия халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететін мұндай шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.