АҚШ экономикасы Дональд Трамптың жаңа тариф саясаты салдарынан 30 триллион доллар жоғалтуы мүмкін, деп ескертеді бұрынғы қаржы министрі Ларри Саммерс.
АҚШ-тың бұрынғы Қаржы министрі Ларри Саммерс Дональд Трамптың импортқа қатысты жаңа бастамаларын қатаң сынға алды. Ол бұл тарифтерді «мазохистік» және экономикалық тұрғыдан апатты шешім деп атады. Саммерстің бағалауынша, президенттің бір сағаттық мәлімдемесі ел экономикасына жүздеген миллиард доллар шығын әкелуде.
«Бұрын-соңды президенттің сөзі елге мұншалықты қымбатқа түскен емес. Тарифтік саясаттан келетін шығын – шамамен 30 триллион доллар немесе төрт адамнан тұратын әр отбасыға 300 мың доллардан келеді», – деп жазды ол X (бұрынғы Twitter) желісінде.
Экономисттің айтуынша, Трамп мәлімдеме жасағаннан кейін бір сағат ішінде АҚШ қор нарығында 3 триллион доллар жоғалды. Бұл тек қаржылық нарықтың реакциясы ғана. Қытай тарапынан келген жауап та ұзақ күттірмеді: Бейжің америкалық экспортқа 34% көлемінде қарсы тарифтер енгізіп, биржадағы құлдырауды күшейтті.
Ірі қор индекстері күрт төмендеді:
- S&P 500 – 4,5%-ға
- Nasdaq – 4,2%-ға
- Dow Jones – 4,4%-ға төмендеді.
CNN арнасына берген сұхбатында Саммерс бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, АҚШ үкіметінде «экономикалық шешім қабылдай алатын базалық біліктілік жоқ» екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі тарифтер күрделі экономикалық жағдайды ескермей, қарапайым формуламен есептелген.
«Менің басты алаңым – қазіргі әкімшіліктің біліксіздігі. Бұл шешімдердің астарында ешқандай логика жоқ», – деді ол.
Ақ үйдің ресми мәлімдемесіне сәйкес, тарифтер арнайы формула арқылы есептелген. АҚШ Сауда өкілі кеңсесі бұл әдіс «тарифтік, салықтық және реттеуші факторларды баламалы түрде көрсетуге» мүмкіндік береді деп мәлімдеді.
Көптеген экономистер мен жетекші банктердің сарапшылары Трамптың сәрсенбі күні ұсынған тарифтері күшінде қалса, бұл АҚШ экономикасы үшін ауыр салдарға әкеліп, тіпті рецессияға ұласуы мүмкін екенін айтып, бір ауыздан дабыл қағуда.
Соған қарамастан, жұма күні Трамп шағын үміт ұшқынын көрсетті: ол Вьетнам президенті То Ламмен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Вьетнам АҚШ-пен келісімге келсе, 46%-дық кедендік тарифтерді толық алып тастауға дайын.
«Вьетнам өз тарифтерін нөлге дейін төмендеткісі келеді, егер біз келісімге келе алсақ», – деп жазды Трамп Truth Social платформасында.