Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ұйымдастыруымен Сианьда ауқымды Наурыз мейрамын тойлау шаралары өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
19 сәуірде Сианьдық «Hanova» халықаралық мектебінде жергілікті үкімет, дипломатиялық корпус, бизнес пен әртүрлі диаспора өкілдерінің қатысуымен көктем мерекесі аясында қазақстандық делегация қатысушыларға өз мәдениеті мен дәстүрін таныстырды.
«KTZ Express» АҚ қолдауымен Қытайдағы қазақстандық студенттер бірлестігінің (KSAC) ұйымдастыруымен мини-футбол турнирі өтті. Наурыз мерекесіне арналған мәдени-спорттық шара қазақстандық студенттерді, дипломаттар мен ұлттық компаниялар өкілдерін біріктірді.
7 команда арасындағы жарыс достық бәсекелестік пен топтық үндестік атмосферасында өтті. Турнир жеңімпазы және кубок иесі жоғары шеберлік пен бірлік танытқан Сиань өнер және ғылым академиясының командасы атанды.
Спорттық бағдарлама аяқталған соң қатысушылар мен қонақтар үшін мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Байқау аясында түрлі сайыстар мен ұлттық ойындар өткізіліп, дәстүрлі қазақ музыкасы мен билердің көрмелері қойылды, сонымен қатар ұлттық тағамдардан дәм татқызылды.
Ұйымдастырушылар мен қонақтар бұндай бастамалардың шетелдегі қазақстандық қауымдастықты біріктіруге, халықтар достығын нығайтуға және Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттаудағы маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар болашақта диалог пен ынтымақтастықты дамыту мақсатында аталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізу туралы ұсыныс барлық қатысушылардың қолдауына ие болды.