Қазақстанда кредит талаптарын өзгерту жөніндегі жолданымдарды қарау қағидалары бекітілді. Тиісті № 165 қаулыны 2026 жылғы 17 қарашада Агенттік Басқармасы қабылдағанын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Құжат жеке тұлғалардың банктік қарыздары мен микрокредиттеріне қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қағидалар нені реттейді?
Құжат қарыз алушының банктік қарыз шартына немесе микрокредит беру туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі жолданымын қарау тәртібін айқындайды. Сондай-ақ берешекті арнайы платформа арқылы ұжымдық реттеу рәсімі көзделген.
Қаулының қабылдануы барлық кредиттің талаптары автоматты түрде өзгереді дегенді білдірмейді. Қағидалар қарыз алушының жолданымын қарау және кредитормен шешімге келу тәртібін белгілейді.
Құжат қашан қолданысқа енгізіледі?
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Демек, бұл мерзім құжат қабылданған 17 қарашадан бастап есептелмейді.
Жекелеген нормалар үшін бөлек мерзімдер белгіленген. Қағидалардың 12-тармағы 2027 жылғы 1 мамырдан бастап қолданылады. Ал бірқатар ереже 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа редакцияда күшіне енеді.
Қаржы омбудсманына жүгіну құқығы
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кредитор шарт талаптарын өзгертуден бас тартса немесе тараптар белгіленген мерзімде өзара қолайлы шешімге келе алмаса, қарыз алушыға үш ай ішінде қаржы омбудсманына жүгіну құқығы туралы хабарлауға тиіс.
Бұл норма кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес кредит бойынша берешекті сотқа дейін реттеуге қатысты. Осы күннен бастап қаржы омбудсманы қызметі жанындағы платформа арқылы берешекті ұжымдық реттеу жөніндегі ережелер де жаңартылған редакцияда қолданылады.
Берешекті ұжымдық реттеу рәсіміне енгізу үшін оның Қағидаларда белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігі ескеріледі.
Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.
Бұған дейін біз қаржылық қиындық туындағанда қарыз талаптарын өзгерту үшін қалай жүгінуге болатынын жазған едік.