Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының дәстүрлі Көктемгі сессиясы аясында ҚР-дың АҚШ-тағы Елшілігі мен АҚШ Сауда палатасы бірлесіп, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге арналған дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, ҚР-АҚШ іскерлік кеңесінің мүшелері және америкалық бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесуді аша отырып, АҚШ Сауда палатасының өкілдері Қазақстанмен көпжылдық серіктестік қатынастарын атап өтіп, елдің цифрландыру, қаржылық қолжетімділікті арттыру және қолма-қол ақшасыз экономика құру бағытындағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Әсіресе қаржы институттарын жаңғырту және реттеу мен қызмет көрсету салаларына инновациялық шешімдерді белсенді енгізу ерекше аталып өтті.
Өз сөзінде Ұлттық банктің төрағасы Қазақстандағы қазіргі макроэкономикалық жағдайды таныстырып, ЖІӨ-нің тұрақты өсіміне және салық-банк жүйелерін реформалау бойынша қабылданып жатқан шараларға назар аударды. Сонымен қатар цифрлық активтерге арналған теңгерімді реттеуші орта қалыптастыру жұмыстары мен инфрақұрылымдық және өндірістік секторлардағы бірқатар ірі мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруге дайындық барысы жеке баяндалды.
Кездесу барысында өңірлік интеграциялық үдерістерге ерекше назар аударылып, Қазақстан АҚШ компанияларымен белсенді ынтымақтастық орнатып отырған бағыттар, сондай-ақ серіктестікті кеңейтудің әлеуетті салалары талқыланды.
АҚШ компанияларының өкілдері Қазақстанмен ынтымақтастықты, әсіресе инфрақұрылымдық жобалар, қаржылық қызметтер мен технологиялық серіктестік салаларында тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.
Қатысушылар орнықты нарықтық механизмдердің, реттеу жүйесінің ашықтығы мен инвестициялық ахуалдың болжамдылығының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша сұрақ-жауап сессиясы өтіп, оның барысында қатысушылар экономикалық өзара іс-қимылдың ағымдағы және келешектегі аспектілері бойынша пікір алмасты және өзара мүдделілікті растады.