Грузияда Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік мереке – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Грузияның астанасында «Бір шаңырақтың астында» атты іс шара өтті.
Кезінде Қазақстанда тұрған түрлі ұлт өкілдері дөңгелек үстелде бас қосып, елімізде болып жатқан жаңа өзгерістермен бөлісті.
Қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөйлеген сөзінің негізгі мазмұнымен таныстырылды, жалпы оларға Ассамблеяның жұмысы, осы күзде өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің басты бағыттары мен ұлтаралық және дінаралық келісім бойынша Қазақстанның бастамалары жөнінде айтып берілді.
Елімізде 30 жыл тұрып тарихи отанына оралған Инга Перадзе туған жерін, қазақ халқын тек үлкен жылылық сезіммен еске алатынын, сағынатынын ерекше сезіммен жеткізіп, осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға қатысқан әзербайжан, грузин, татар, орыс, беларус, түрік өкілдері Қазақстанда бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүргендеріне тоқталып, қай жерде жүрсе де өздерінің екінші отанын дәріптейтіндерін жеткізді.
Отандастарымыз Жанат Кшаева мен Гүлмира Күренкеева ұлттық ою-өрнектерге арналған шеберлік дәріс өткізіп, олардың қазақ халқының тұрмысы мен өміріндегі мән-мағынасы туралы айтып берді.
Іс-шара барысында қатысушыларға әнші Димаш Құдайбергеннің «Киелі мекенім» әніне арналған Қазақстанның әр алуан табиғаттың, киелі орындары мен мәдениетін көрсететін бейне-клипі көрсетілді. Бұл арқылы көрермендер Ұлы даланың ең көрнекті танымал туристік жерлеріне визуалды саяхат жасай алды.
Сондай-ақ Қазақстанға арналған фото-көрме ұйымдастырылып, еліміздің мәдениеті, өнері, туристік саласына арналған арнайы кітаптар мен анықтамалар жиналғандарға табысталды.
Достық пен бірлік мерекесі ән мен биге ұласып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.