Қазақстан 2025 жылға арналған ЕҚЫҰ шеңберіндегі Финляндияның басымдықтарын қолдады

2431
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Финляндия ЕҚЫҰ шеңберінде бірлескен күш-жігерді нығайтуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимовтың ЕҚЫҰ-ның қазіргі Төрағасы, Финляндия Республикасының Сыртқы істер министрі Элина Валтоненмен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Елші Финляндияны ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудің 2025 жылғы жауапты миссиясымен құттықтады. Ол Финляндия төрағалығы Хельсинки Қорытынды актісіне қол қоюдың алдағы 50 жылдық мерейтойы шеңберінде өңірдегі халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздік қағидаттарын белгілеген іргелі құжат аясында ерекше символдық мәнге ие болатынын атап өтті.

Қазақ дипломаты Финляндияның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің басымдықтарына, атап айтқанда климаттың өзгеруі және киберқауіпсіздік, БАҚ бостандығы, медиа сауаттылық, адам құқықтарын қорғау, гендерлік теңдік және инклюзивтілік сияқты өзекті мәселелер бойынша қолдау білдірді.

Сонымен қатар тараптар екіжақты күн тәртібінің ағымдағы және өзекті мәселелерін, оның ішінде 2025 жылға арналған іс-шаралар кестесін талқылады.

Өз кезегінде фин министрі Хельсинкидің Қорытынды актісінде белгіленген принциптерді практикалық іске асырудың маңыздылығына тоқталып, олардың қазіргі жағдайда өзгермейтін өзектілігін көрсетті. Ол, сондай-ақ 2010 жылғы Астана Саммитінің қорытынды декларациясының және ЕҚЫҰ-ның жан-жақты қауіпсіздік, ынтымақтастық және халықаралық құқықты құрметтеу негіздерін қалыптастыратын басқа да іргелі құжаттарының маңызды рөлін атап өтті. Диалогты нығайтуға, бейбіт бастамаларды ілгерілетуге және өңірлік тұрақтылықты дамытуға қосқан үлесін қоса алғанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ шеңберіндегі белсенді және сындарлы ұстанымы ерекше айтылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -