Қазақстан мен Грекия порт саласындағы әріптестікті нығайту жөнінде меморандумға қол қойды

1485
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Грекия порттық және логистикалық салалардағы ынтымақтастықты күшейтуде, деп хабарлайды DKnews.kz.

Пирей портты қаласының мэриясында Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Пирейдің сыртқы саясат, еуропалық бағдарламалар және туризм жөніндегі Мэрінің орынбасары Андриана Заракелимен кездесу өткізді. Келіссөздер көлік және логистика саласындағы қазақ-грек ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және Ақтау мен Пирей қалалары арасындағы муниципаларалық байланыстарды нығайтуға бағытталды.

Сұхбаттастар «Каспий теңізі – Жерорта теңізі» дәлізі бойынша басты логистикалық тораптар саналатын Ақтау мен Пирей порттарының стратегиялық маңызын атап өтті. Дамыған порт инфрақұрылымы порттарды басқару тәжірибесімен алмасу және логистикалық маршруттарды дамыту үшін кең мүмкіндіктер ашатыны айтылды. Осыған байланысты Ақтау мен Пирей қалалары арасында серіктестікті кеңейтуге институционалдық негіз болатын Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға болашақта қол қою мүмкіндігі талқыланды.

Кездесуде екі елдің көлік министрліктері мен іскер топтарының алдағы байланыстары, логистика және халықаралық сауда саласындағы ұзақ мерзімді өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Мәдени алмасу және туризм салаларына ерекше көңіл бөлінді. Елші қазақ тараптың Пирей муниципалитеті аумағында ортақ мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға дайын екенін растады. Өз кезегінде А. Заракели екі елдің мәдени-тарихи мұрасын дәріптеуге бағытталған бағдарламаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.

Тараптар гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамыту экономикалық ынтымақтастық пен өңіраралық серіктестікті тереңдете түсетінін атап өтті. Кездесу соңында тұрақты диалогты жалғастыруға ниет және қол жеткізілген уағдаластықтардың Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашатынына сенім білдірілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -