Қазақстан «Жібек жолы» турымен келген румындық «Мадригал» хорын қарсы алды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Румынияның «Мадригал» ұлттық камералық хорының концерттік туры аясында Астанаға келген Румыния Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Джанина Ситарумен кездесу өткізді.
Р.Василенко «Жібек жолы» турнесі шеңберінде Қазақстанның түрлі қалаларында, соның ішінде Астана мен Түркістанда бірқатар концерттер өткізетін әлемге әйгілі хордың келуіне орай қошеметін білдірді.
Ол осындай мәдени іс-шаралардың халықтарды жақындастырудағы және мәдени-гуманитарлық саладағы қазақ-румын байланыстарын нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
Министрдің орынбасары Қазақстан мен Румыния арасындағы бұрыннан келе жатқан берік әрі достық қарым-қатынастарды ерекше атап өтіп, олардың бүгінгі күні қарқынды дамып, жаңа мазмұнды жобалармен толықтырылып келе жатқанын айтты.
«Біз «Мадригал» хорының концерттері арқылы Румынияның бай мәдени мұрасымен танысу мүмкіндігі үшін алғысымызды айтамыз. Бұл мәдени шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр, осы тұста тарихи маңызға ие. Хордың орындауында тек Румынияның ғана емес, сонымен қатар Қазақстан және Орталық Азияның басқа да елдерінің әнұрандары бар. Сондай-ақ қазақтың сүйікті «Япырай» және «Әгугай» халық әндерінің ерекше аранжировкалары әсерлі» Роман Василенко
Тараптар саяси және сауда-экономикалық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары, атап айтқанда, өңіраралық байланыстарды дамыту туралы пікір алмасты.
Румынияның «Мадригал» ұлттық камералық хорын 1963 жылы көрнекті румын музыканты және дирижері Марин Константин құрды. Ұжымның репертуарында Ренессанс заманының, классикалық музыка, романтизм, Византия музыкасы, сондай-ақ румын және әлемдік композиторлардың заманауи туындылары бар. Қазақстандағы тур барысында ұжым көрермендерді румын мәдениетінің жан-жақтылығымен таныстырады. Бұл екі халық арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.