Қазақстан мен Эфиопия екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ниетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка Одағы жанындағы ҚР-дың Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықовтың Эфиопияның Сауда және өңірлік интеграция министрі Касахун Гофе Баламимен кездесуі өтті .
Елші сұхбаттасын Қазақстанның экономикалық жетістіктері, сауда және инвестициялық саясаттың негізгі тәсілдері, еліміздің халықаралық және өңірлік экономикалық ұйымдарға қатысуы, транзиттік-көлік саясаты және Африка елдерімен ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері туралы хабардар етті. Қазақстанның Эфиопиямен өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілігі туралы айтылып, екі елдің мемлекеттік және жеке құрылымдарының бағыты бойынша өзара іс-қимылды жандандыру ұсынылды. 2025 жылғы мамырда Астана халықаралық форумына Эфиопияның қатысуының маңыздылығы аталып өтті.
Касахун Гофе Балами өз кезегінде Эфиопияның сауда және экономикалық саясатында жүргізіліп жатқан реформалары, іскерлік ахуалдың жақсаруы, елдің ЖІӨ-нің тұрақты өсуі және әлемдік қаржы институттарының ел экономикасының өсуі бойынша 2025-2026 жылдарға арналған оңды болжамдары, сондай-ақ Эфиопияның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі министрліктің белсенділігі туралы хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2024 жылы қол қойылған Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың Жол картасына сәйкес Қазақстан мен Эфиопияның экспорттық нарығын одан әрі дамыту және кеңейту мақсатында өзара іс-қимылды жандандыру туралы келісті. Аддис-Абебада мемлекеттік және жеке құрылымдардың өкілдері қатысуымен іскерлік форумды бірлесіп өткізу, тараптардың сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы ынтымақтастықты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қазақ дипломаты Эфиопияның Сауда және өңірлік интеграция министрлігінің ғимаратында орналасқан Экспорттық сауда көрме орталығының қызметімен танысты.