Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Елшілігінде «Қазақстандағы саяси реформалар: Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және Заңның үстемдігі» тақырыбында брифинг өтті.
Іс-шарада ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко мен ҚР Сот жүйесі Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Шакир Шаяхметов баяндама жасады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Брифингке Ұлыбританияның мемлекеттік органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдарының, сондай-ақ адам құқықтары мен гендерлік теңдікті қорғау салаларында жұмыс істейтін сараптамалық орталықтардың өкілдері қатысты.
С.Василенко өз сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған институционалдық тетіктерді нығайтуға, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңның қабылдануына ерекше назар аударды – бұл әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам.
Ш.Шаяхметов қазақстандық сот жүйесінде жүргізіліп жатқан негізгі реформаларға тоқталып, құқықтық үдерістерді цифрландыру, сот төрелігінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Брифинг британдық сарапшылармен пікір алмасуға және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы заңның үстемдігі мен адам құқықтарын қорғау салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар сапар аясында С.Василенко Корольдік біріккен қорғаныс зерттеулер институтының (RUSI) және Лондондағы Корольдік колледж жанындағы Халықаралық радикализацияны зерттеу орталығының (ICSR) жетекші британ сарапшыларымен де кездесулер өткізді.
Мазмұнды пікірталастар барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризмге қарсы күрес және радикалдануға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қазақстанның әйелдер мен балаларды репатриациялау және қайта бейімдеу бойынша «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары шеңберіндегі тәжірибесіне ерекше назар аударылды.
Британдық серіктестер Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесін жоғары бағалап, оны жаһандық бастамалар аясында аса маңызды деп атап өтті. Олар бұл тәжірибені зерттеуге зор қызығушылық білдіріп, сараптамалық диалогты жалғастыруға және практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін жеткізді.