$10 млн алғашқы келісім: Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда қарқынын арттыруда

3168
Фотосурет: Gov

Карачи қаласында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы бизнес-форум өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шараға екі елдің 500-ден астам бизнес және мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты.

Форумға нақты мәмілелер мен ұзақ мерзімді әріптестікке бағытталған кәсіпкерлердің белсенділігі ерекше серпін берді. Іс-шара аясында бірнеше коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Соның ішінде қазақстандық Optima Development компаниясы мен пәкістандық Friesland Campina Engro арасында жалпы сомасы 10 млн АҚШ долларын құрайтын келісімшарт жасалды. Құжат Қазақстанға ірімшік, йогурт және кондитерлік өнімдер өндірісіне қолданылатын сусыздандырылған сүт майын жеткізуді көздейді.

«Бұл Пәкістанмен осындай ауқымдағы алғашқы келісімдердің бірі. Бұл бір реттік тауар жеткізу емес, ұзақ мерзімді әрі стратегиялық серіктестіктің бастауы деп есептейміз. 240 миллион халқы бар Пәкістан – Қазақстан үшін зор экспорттық әлеуетке ие ел» Optima Development компаниясының бас директоры Жанат Басанұлы

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының деректеріне сәйкес, 2023–2024 жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 2,1%-ға өсіп, 53,6 млн долларға жеткен. Қазақстаннан Пәкістанға экспорт көлемі 2,1 есеге артып, 11,8 млн долларға дейін өскен. Экспорттың негізгі бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдері: пияз, сарымсақ, зығыр тұқымы, бұршақ тұқымдастар және металл конструкциялар құрайды. Ал Пәкістаннан импорт көлемі 41,9 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде цитрус жемістері, дәрілік препараттар мен тоқыма бұйымдары бар.

Сондай-ақ, форум аясында Қазақстанға Карачи мен Гвадар порттарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін Транзиттік сауда туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы жаңа көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға және экономикалық байланысты нығайтуға негіз қалайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -