Қазақстан мен Сербия үкіметаралық комиссия отырысына дайындықты бастады

1309
Фотосурет: Gov

Белградта Қазақстан-Сербия Үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов Сербия Премьер-министрінің орынбасары – Ішкі істер министрі Ивица Дачичпен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының 4-ші отырысына дайындық мәселелерін талқылады.

Инфрақұрылымдық жобалар мен іскерлік серіктестік саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды арттыру жөнінде пікір алмасты. Елші алдағы кездесудің экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін маңыздылығын атап өтті.

Серб министрі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға 2024 жылғы қарашадағы сапары барысында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыру жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізудің маңыздылығын атап өтіп, серб тарапының ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Тараптар ҮАК-тың келесi отырысының дайындық жұмыстарын үйлестіру бойынша қызметін жалғастыруға келісті.

Қазақ дипломаты серб серіктестері тарапының қолдауына ризашылығын білдіріп, Қазақстанның өңірлік және халықаралық деңгейде ынтымақтастығын кеңейтуге дайын екенін қайта сендірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -