ЕҚЫҰ Қазақстандағы «жасыл» порт жобаларын қолдайды

1441
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен ЕҚЫҰ экономикалық-экологиялық саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстанға жұмыс сапары аясында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Экономикалық және экологиялық қызмет жөніндегі үйлестірушісі Бақыт Жүсіповпен кездесу өткізді.

Министрдің орынбасары ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық (екінші) өлшемі қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында диалог пен сенімді нығайтудың маңызды платформасы екенін атап өтті. Ол Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен барлық өзекті мәселелер бойынша белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

Тараптар ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық өлшемі аясындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын, оның ішінде орнықты даму, көлік байланыстылығы, қоршаған ортаны қорғау, климат мәселелері, сыбайлас жемқорлықпен және заңсыз жолмен алынған кірістерді жылыстатумен күрес мәселелерін талқылады.

Р.Василенко Экономикалық-экологиялық қызмет жөніндегі үйлестіруші кеңсесінің қазақстандық мемлекеттік органдармен, атап айтқанда, Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетімен тығыз ынтымақтастығын жоғары бағалады. Өз кезегінде, Б.Жүсіпов Қазақстанның бұл саладағы жинақтаған тәжірибесін ерекше атап өтіп, мемлекетке қайтарылған қаражаттың әлеуметтік нысандар құрылысына бағытталуы ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің үлкен қызығушылығын тудырып отырғанын жеткізді.

Министрдің орынбасары Астананың ЕҚЫҰ бастамаларына, соның ішінде Каспий өңірінде «жасыл» порттарды дамытуға бағытталған бюджеттен тыс жобаға одан әрі қатысуға дайын екенін растады. Осы жобаның арқасында Ақтау және Құрық порттары Еуропалық теңіз порттары ұйымының (ESPO) «EcoPorts» мәртебесін алып, олардың инфрақұрылымын дамытуға инвестициялар тартуда артықшылықтарға ие болғаны аталып өтті.

Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (ТХКД) маңызды рөлі аталып өтті. 2024 жылы бұл бағыт бойынша жүк тасымалының көлемі 62%-ға артып, 4,5 млн тоннаны құрады. Р.Василенко Қазақстанның Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді инвестициялар тартып жатқанын айтып, 2027 жылға қарай ТХКД арқылы транзиттік жүк ағынын 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда трансшекаралық байланысты ілгерілетуге бағытталған жаңа ЕҚЫҰ жобасын жүзеге асыруға қызығушылық білдірілді. Бұл жоба Қазақстанның жаһандық сауда жолдарының транзиттік торабындағы рөлін нығайтуға ықпал етеді.

Кездесу барысында климаттың өзгеруі мен экология мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстандық дипломат еліміздің климаттың өзгеруінен туындайтын қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2021 жылғы Стокгольм шешімін қоса алғанда, халықаралық міндеттемелерді орындауға берік бейілділігін растады.

Финляндияның ЕҚЫҰ-дағы қазіргі төрағалығының климаттық күн тәртібі қолдау тапты. Бұл Қазақстанның жоғары деңгейдегі өкілдерінің осы жылдың маусым айында Финляндияда өтетін ЕҚЫҰ-ның Климат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық конференциясына қатысуымен расталып отыр.

Тараптар 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда өтетін Өңірлік климаттық саммитке дайындық барысын да талқылады. Осы тақырыптың ЕҚЫҰ үшін маңыздылығын атап өткен Б.Жүсіпов Ұйымның саммитті өткізуге белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.

Кездесу барысында Арал теңізі алқабындағы ахуал мен Каспий теңізіндегі экологиялық қатерлерді қоса алғанда, су ресурстары мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Өңірдегі ірі су қоймаларын сақтау үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы аталып өтті.

Сондай-ақ табиғи апаттар, әсіресе жер сілкіністері кезінде ерте ескерту және жедел ден қою мәселелері және Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар және табиғат апаттары қатерлерін азайту орталығымен одан әрі өзара іс-қимылдың маңыздылығы қарастырылды.

Кездесу соңында Б.Жүсіпов өз Кеңсесіне көрсетіліп отырған тұрақты қолдау үшін Қазақстанға алғысын білдіріп, қазақ тарапымен одан әрі тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -