Қазақстан мен Грузия консулдық мәселелер бойынша консультациялар өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан мен Грузияның сыртқы істер министрліктері арасында қос тараптың тиісті органдар өкілдерінің қатысуымен кезекті консулдық консультациялар өтті.
Қазақ делегациясын Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Бауыржан Досманбетов, ал грузин делегациясын Грузия Сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаментінің директоры Георги Табатадзе басқарды.
Консультациялар барысында тараптар консулдық саладағы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын талқылады. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, екіжақты және көпжақты шарттар мен консулдық-құқықтық саладағы халықаралық конвенциялардың орындалуы, қылмыстық-құқықтық ынтымақтастық және азаматтарды экстрадициялау мәселелері мен күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында қазақ тарапы Грузия аумағына келген кезде ҚР азаматтарына кіруге жиілеп кеткен бас тартулар мен олардың кейіннен елден шығарылу жағдайларына алаңдаушылық білдірді. Бұл ретте Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Грузияға туристік мақсаттармен келетіні және қабылдаушы елдің заңнамасын берік сақтайтыны аталып өтті.
Өз кезегінде грузин тарапы биылғы жылдың мамыр айының басынан бастап Грузияға кіруден бас тарту фактілерінің айтарлықтай төмендегені туралы хабарлап, бұл үрдістің алдағы уақытта да жалғасатынына сендірді, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының Грузия аумағына кіруі мен болуына барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін білдірді.