Қазақстан мен Қытай көлік министрлері бірлесе "Нұр Жолы" Қазақстан-Қытай автокөлік өткізу бекетіне барып, оның жұмысымен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту — жүк тасымалы көлемін одан әрі арттырудағы басым міндеттердің бірі. Министрлер өткізу бекетінде жүк көліктері жүргізушілерімен сөйлесіп, түйткілді мәселелерді талқылап, бекеттің өткізу қабілетін одан әрі арттыру аясында келісімге келді.
Көлік ведомстволарының басшылары транзиттің үздіксіз өтуі үшін әкімшілік кедергілерді жою, шекаралық инфрақұрылымның әлеуетін арттыру, цифрландыруды дамыту сияқты бірқатар мәселені қолға алады.
Марат Қарабаев пен Лю Вэй екі министрліктің өкілдерінен тұратын арнайы тұрақты жұмыс тобын құруға келісті. Министрлердің қатысуымен болатын келесі келіссөз кезеңі бір айдан соң өтеді.
Жұмыс сапары барысында өткен шараға кеден және шекара қызметінің өкілдері де қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, былтырдан бері Қазақстан мен Қытай рұқсат беру бланкілерін электронды форматта алмастырып келеді. Биыл екі ел 90 мың ШРБ алмасты.