Псков облысында соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің армия генералы А.В. Хрулев атындағы әскери материалдық-техникалық қамтамасыз ету академиясында оқитын қазақстандық офицерлер Ұлы Отан соғысы жылдарында мыңдаған қазақстандық қаза тапқан Псков облысындағы Жауынгерлік Даңқ орындарына барды.
Әскери қызметшілер Кеңес Одағының Батырлары – мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Ыбырайым Сүлейменов және 400-ге жуық фашистің көзін жойған аты аңызға айналған мерген, Халық қаһарманы Төлеуғали Әбдібеков жерленген Монаково, Заиванье ауылдары мен Невель қаласындағы бауырластар зиратында болды.
-Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Невельде қазақстандық іздеушілердің күш-жігерімен осы қаланы фашистік басқыншылардан азат еткен аталарымызды еске алатын тағы бір ескерткіш пайда болды, – деді подполковник Асылан Қитарбаев. Олар бейбіт өмір үшін жандарын қиды. Майдан даласында құрбан болған ерлерді ұмытпауымыз керек.
Батыс Қазақстан облысының іздеушілері невельдік «Гвоздика» іздеу жасағымен бірінші жылдан бері байланыс жасап келеді. Жеңіс күні қарсаңында «Парыз» іздеу жасағы мен Орал ақпараттық технологиялар колледжінің «Жігер» әскери-патриоттық клубының басшысы Марат Аққалиев бастаған топ қазақстандықтардың қатысуымен ашылған ескерткішке армия генералы А. В. Хрулев атындағы әскери материалдық-техникалық қамтамасыз ету академиясының қавзақстандық тыңдаушылары алғашқы болып тағзым етті.