Қазақстан мен Дания ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлауда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Дания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі (резиденциясы Мәскеуде орналасқан) Йеспер Вармен кездесті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілету мәселелерін талқылады.
Министрдің орынбасары ауыл шаруашылығы, энергетика, «жасыл» технологиялар, көлік және логистика сияқты салалардағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Р.Василенко дат компанияларын Қазақстандағы инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белсенді диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Дания арасындағы тауар айналымы 161 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 34,9 млн, импорт – 126,1 млн). 2005 жылдан бастап Даниядан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 300 млн доллардан асты. Қазақстанда дат капиталының қатысуымен 30 кәсіпорын жұмыс істеуде, олардың қатарында «Carlsberg Group», «Maersk Oil» және «Novo Nordisk» сияқты компаниялар бар.