CNPC Қазақстанның мұнай саласына инвестиция салмақ

3674
Фотосурет: UKIMET

Үкіметте CNPC корпорациясымен бірлескен жобаларды іске асыру жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) президенті Хоу Цицзюньмен жұмыс бабындағы кездесуі өтті.

Тараптар мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі мәртебесі мен келешегін талқылады.

Роман Скляр барлық негізгі бағыт бойынша Қазақстан мен Қытай, оның ішінде CNPC арасындағы өзара іс-қимылдың серпінді дамуын атап өтті.

Келіссөздер барысында мұнай өңдеу нысандарын жаңғыртуды, бірлескен жер қойнауын пайдалануды дамытуды, кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуді, мұнай химиясы саласындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуді, сондай-ақ энергия ресурстарын тұрақты жеткізу шараларын қамтамасыз етуді қоса алғанда, Қазақстан аумағында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Хоу Цицзюнь қазақстандық тарапқа ашық әрі сындарлы диалог үшін алғысын білдіріп, CNPC-дің озық технологияларды енгізуге және өзара тиімді жобаларды іске асыруға бағытталған тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайындығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-қытай үкіметаралық комиссиясы, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.

 
 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -