Қазақстан мен Чехия Пржевальский жылқыларын қазақ даласына қайтару бойынша ынтымақтастықты жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Прагада өткен «Жабайы жылқыларды қайтару – 2025» атты жобаның таныстырылымна қатысты. Жоба Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайта қоныстандыру жөніндегі бірегей халықаралық жобаны іске асыруға арналды.
Іс-шара аясында қатысушыларға жобаның негізгі кезеңдеріне шолу ұсынылып, 2024 жылы сәтті жүзеге асқан алғашқы тасымал нәтижелері мен 2025 жылғы маусымға жоспарланған сегіз жылқыны жеткізу бойынша келесі кезең таныстырылды.
Сондай-ақ шара барысында жылқыларды алғашқы тасымалдауға дайындық және оны жүзеге асыру барысы туралы «Алтын далаға оралу» атты деректі фильм көрсетілді.
Өз сөзінде Елші жобаның серіктестері – Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобекке, Хортобадь ұлттық паркіне (Мажарстан), сондай-ақ Чех Республикасының Үкіметіне жан-жақты қолдау көрсеткендері үшін шынайы алғысын білдірді.
«Аталған жоба тек елдеріміз арасындағы достық байланыстарды нығайтумен шектелмей, бүкіл Жер бетіндегі биологиялық әртүрлілікті қалпына келтіру үшін де аса құнды» Бақыт Дүйсенбаев
Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайта қоныстандыру жобасы табиғатты қорғау және жойылып бара жатқан түрлерді қалпына келтіру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгісіне айналды. 2024 жылы Қазақстанға Прага және Берлин хайуанаттар бағынан жеті Пржевальский жылқысы жеткізілді. Осы кезең ішінде жануарлар жаңа ортаға бейімделіп, қысты аман өткеріп, бүгінде жабайы табиғатқа жіберуге дайындық үстінде.