2025 жылы Қазақстан «Орталық Азия – Қытай» форматындағы екінші саммитті өткізеді. Бұл шешім 2023 жылы мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен алғашқы саммитте қабылданған.
Бүгін осы саммиттің аясында «ҚХР ЖОО түлектерінің достығы» қоғамдық бірлестігі «Қытай – Орталық Азия саммиті: Серіктестікті нығайту және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Сианьдағы саммит Қазақстан үшін Қытаймен екіжақты қатынасты және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам болды. Қол қойылған келісімдер экономикалық өсімге, инфрақұрылымды жақсартуға және мәдени байланыстарды арттыруға жол ашады.
ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь дөңгелек үстелге қатысушыларына ыстық сәлемін жолдап, бейнеүндеу арқылы саммиттің өңірлік маңызын атап өтті.
Елші Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы 30 жылдан астам ынтымақтастықтың сенімді серіктестікке айналғанын және бұл қарым-қатынас өзара құрмет пен тиімді диалогқа негізделгенін айтты.
Ол 2023 жылы Сиань қаласында өткен алғашқы саммиттің нәтижелері – жоғары деңгейдегі кездесулер, стратегиялық келісімдер мен нақты жобалар – бүгінде нақты іске асып жатқанын жеткізді. Сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, инвестиция және мәдениет салаларында бірлескен платформалар құрылып, бастамалар іске асырылып жатыр.
Бүгінгі әлем – тұрақсыз әрі көпполярлы. Кейбір ірі державалар өз мүдделерін бәрінен жоғары қойып, күш көрсету мен экономикалық қысым әдістеріне жүгінуде. Мұндай әрекеттер халықаралық тәртіпке нұқсан келтіреді. Сондықтан Қытай мен Орталық Азия елдері әділдікке, инклюзивтікке және теңдікке негізделген жаһандық басқару жүйесін қолдап, БҰҰ-ның жетекші рөлін нығайтып, халықаралық құқықты қорғауға күш салуы тиіс. Қазақстан – «Бір белдеу – бір жол» бастамасының отаны, «Қытай – Орталық Азия» механизмінің белсенді қатысушысы. Қытай мен Қазақстан – көршілес, дос әрі сенімді серіктестер. Біз аймақтың өркендеуі жолында күш біріктіруге дайынбыз. Қытай елі Қазақстанда өтетін екінші саммиттің сәтті өтуіне қолдау көрсетіп, өзара стратегиялық іс-қимылды жалғастыра береді. Біз бірлесе отырып, Қытай мен Қазақстан арасындағы «алтын 30 жылды» жалғастырамыз және «Қытай – Орталық Азия» тағдыр қауымдастығын нығайтамыз, - деді Қытай елшісі видеоүндеуінде.
Хань Чуньлинь атағандай, «Қытай – Орталық Азия» механизмі - алты ел халқының ортақ қалауын білдіретін, саяси келісім мен ынтымақтастықтың жаңа алаңы. Ол өңірдің қауіпсіздігі мен дамуына, тіпті жаһандық тұрақтылыққа оң әсер етіп жатыр.
Сонымен қатар Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығы бас хатшысының орынбасары Чжан Лин өңірдегі оң өзгерістер жайлы пікірін айтты.
2023 жылы мен АӨСШК (Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес) хатшылығында жұмыс істеу үшін қайта оралдым. Сол сәттен бастап Орталық Азия елдерінде болып жатқан оң өзгерістер мені таңғалдырды. Мысалы, Қазақстанда, әсіресе қарапайым халық арасында Қытай туралы жиі айтылып жатқанын байқадым – дүкендерде, қоғамдық көлікте, көшеде. Бұл – Қытайдың Қазақстан қоғамындағы беделі мен танымалдығының өскенін көрсетеді, - дейді сарапшы.
Оның сөзінше, Хатшылықтағы әріптестерінің де Қытаймен байланысы бар: біреулері баласын оқуға жіберіп жатыр, енді біреулерінің туыстары Қытаймен сауда-саттықпен айналысады. Бұл – елдер арасындағы өзара байланыстың күнделікті өмірге де ене бастағанының белгісі деп санайды Чжан Лин.
Егер біз ХХІ ғасырдың басында, яғни Қытай мен Орталық Азия арасындағы алғашқы 10 жылдықты атап өткен кезде қарым-қатынастар тек үкіметаралық деңгейде жүрсе, бүгінде бұл байланыстар тереңдей түсті, ең бастысы – халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенім нығая түсті. Бұл қоғамдық негіз – елдер арасындағы достық пен әріптестіктің тұрақты әрі сенімді іргетасы. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы Қытай–Орталық Азия саммиті – соңғы 30 жылдан астам уақыт ішінде қалыптасқан достықтың нәтижесі ретінде, аймақ елдерінің өзара қарым-қатынасын сапалық жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл – шынайы әріптестік пен өзара қолдауға негізделген жаңа кезеңнің бастауы деп айтуға болады, - деп айтты Чжан Лин дөңгелек үстелде.
«ҚХР ЖОО түлектерінің достығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жамиля Елеусізова іс-шараның маңызына тоқталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – алдағы саммиттің мазмұнын кеңінен таныстыру және оның Орталық Азия елдері үшін маңызын көрсету болды. Жастар ұйымы ретінде біз мәдени және қоғамдық іс-шараларды жиі өткізіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға үлес қосып келеміз. Жастар елшілері ретінде біз осындай кездесулер өткізіп, халыққа саммиттің мәні мен оның беретін нақты нәтижелері туралы ақпарат беруге тырысамыз. Мысалы, 2023 жылы өткен саммит аясында ҚХР Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға, білім беру гранттарын бөлген болатын. Қазақстанға 20 толық грант ұсынылған еді. Бұл – Қытай үкіметінің стипендияларынан бөлек берілген қолдау. Қазірдің өзінде біз осы мүмкіндіктердің нақты пайдасын көріп отырмыз. Қытай үкіметінің стипендиясы арқылы студенттер Сиань қаласына барып, білім алуға жолдама алып жатыр, - дейді жиын ұйымдастырушысы.
Елеусізова Қазақстанда Қытай туризмінің жылы аталып өтіп жатқанын қоса кетті.
Сонымен қатар, биыл Қазақстан мен Қытай арасында туризм мен өзара барыс-келісті дамыту мақсатында маңызды қадамдар жасалды. Атап айтқанда, Шанхайға тікелей әуе рейсі іске қосылды. Бұл – визасыз режим мен Пекин, Сиань бағыттарындағы рейстерге қосымша ірі жетістік. Шанхай бұрын алыс бағыт саналатын, ал қазір ол әлдеқайда қолжетімді бола түсті. Қытайлық туристер үшін Қазақстанның табиғаты, кең даласы, шатқалдары, қонақжай халқы ерекше тартымды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елдің мәдениетін тану үшін тек тілді білу жеткіліксіз, сол елде өмір сүріп көру, ішкі дүниесін түсіну маңызды. Қытай халқы, әсіресе жастар мен аға буын, өте қызығушылықпен саяхаттайды. Бұл тұрғыда Қазақстанда оларды қызықтыра алатын көп орын бар. Сондай-ақ, біз туризмді тек Қытайға бағыттап қоймай, әлемдік деңгейде дамытуымыз керек. Қазақстан алдағы уақытта көлік-логистикалық хаб ретінде де үлкен маңызға ие болуы мүмкін. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүк пойыздары Қазақстан арқылы өтуде. Болашақта туристік ағым да осы бағытпен күшейеді деген үміт бар, - деп санайды ол.
Қытай мен Қазақстан арасындағы достық пен өзара түсіністік мәдениет, білім, туризм салаларында жылдан жылға нығайып келеді. Соңғы он жылда бұл байланыс айтарлықтай тереңдеді. Бүгінде қытайлық жастар қазақ әндерін үйреніп, қазақстандық өнерпаздар Қытайда танымал болып жатыр. Бұл – халықтық дипломатияның айқын көрінісі.
Біздің жастар ұйымы мемлекеттер басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин мырзалардың ұстанып отырған дұрыс бағыттағы саясатын қолдай отырып, достық байланыстарды әрі қарай дамытуға өз үлесін қоса береді, - деп ойын айтты Жамиля Елеусізова.
Еске сала кетейік, 5+1 екінші саммиті биыл маусым айында Қазақстанда өтеді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – инфрақұрылым, сауда, энергетика және гуманитарлық байланыстар. Бұл саммит стратегиялық маңызға ие: Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы саяси диалогты, экономикалық әріптестікті (әсіресе «Бір белдеу – бір жол» аясында), қауіпсіздік пен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтады. Саммит екі жақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, өзара қолдауға, бірлескен дамуға және ортақ қауіпсіздікке негізделген тығыз серіктестікті қалыптастырады.