Nazarbayev University (NU) базасында «Өтпелдерді басқару: климат, жасанды интеллект және Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты болашағы» атты конференция өтті. Іс-шараны Chapter Zero Kazakhstan ұйымы NU қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Конференция мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, академиялық орта мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Қатысушылар климаттық және технологиялық тәуекелдерді басқару стратегияларын, сондай-ақ жаһандық трансформация жағдайындағы корпоративтік басқарудың рөлін талқылады.

Конференцияның негізгі тақырыптары — климаттық, энергетикалық және технологиялық өтпелдер. Бұл бағыттар Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты даму мен бәсекеге қабілеттілік бойынша жаңа бағдарларын айқындайды. Талқылаулар геосаяси фрагментацияға бейімделу, климаттық тәуекелдерді басқару, декарбонизация, жасанды интеллектті дамыту және цифрлық егемендікті нығайту мәселелерін қамтыды.

Спикерлер мен қатысушылардың арасында NU, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігі, INSEAD бизнес мектебі, «ҚазМұнайГаз» компаниясы, Орталық Азия корпоративтік хатшылары қауымдастығының өкілдері және тұрақты даму мен корпоративтік басқару саласындағы жетекші сарапшылар болды.

Chapter Zero Kazakhstan бас директоры Арай Серікжанова атап өтті:
«Біз корпоративтік басқару тиімділік құралы ғана емес, тұрақтылықтың басты тетігіне айналатын дәуірге аяқ басып отырмыз. Қазақстан мен Орталық Азияда климат, технология және адами капитал тоғысқан өздерінің жауапты көшбасшылық моделін қалыптастыруға бірегей мүмкіндік бар».
NU Жоғары бизнес мектебінің профессоры және қорытынды сессия модераторы Роза Нұрғожayeва былай деді:
«Біздің мақсат – басқарудың болашағы туралы мәнді диалог алаңын құру болды. Бизнес, ғылым және мемлекет сенім мен тұрақтылықты арттыратын, сондай-ақ инновацияға ашық тәжірибелерді бірлесе қалыптастыруы маңызды».
Қатысушылар директорлар кеңестері мен жоғарғы басшылықтың тұрақты даму мен жасанды интеллектті этикалық тұрғыда қолданудағы рөліне ерекше назар аударды.

Chapter Zero Kazakhstan — Директорлар кеңесі деңгейінде жұмыс істейтін ұлттық талдамалық орталық (think tank). Ол Дүниежүзілік экономикалық форумның Climate Governance Initiative жаһандық бастамасының құрамына кіреді. Бұл бастамаға бүгінде 70-тен астам ел қосылған, ал Chapter Zero Kazakhstan – осы халықаралық желінің бір бөлігі.
Ұйым Қазақстандағы директорлар кеңестері мен компания басшыларына климат, технология және тұрақты даму салаларында көшбасшылықты қалыптастыруға қолдау көрсетеді.
Nazarbayev University (NU), 2010 жылы құрылған, Қазақстандағы жетекші зерттеу университеті болып табылады және білім беру, ғылым және инновациялар саласында үздіксіз жетілуге ұмтылады. Times Higher Education (THE) 2026 жылғы әлемдік университеттер рейтингінде NU 401–500 аралығында орналасқан.