Олжас Бектенов ExxonMobil вице-президенті Питер Ларденмен мұнай-газ ынтымақтастығы мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен кездесу өткізді. Мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық, инфрақұрылымды дамыту және озық технологияларды енгізу жоспарлары талқыланды, түрлі бағыттар бойынша өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары қаралды.
Кездесу барысында Теңіз және Қашаған кен орындарын қоса алғанда, негізгі бірлескен жобалардың ағымдағы мәртебесі мен іске асырылу барысына, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумының құбыр жүйелерін одан әрі пайдалануға назар аударылды. Әсіресе, Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарықтағы позициясын нығайта түсетін Теңіз кенішіндегі болашақ кеңейту жобасының іске қосылуы ерекше атап өтілді.
Премьер-министр тауарлар бойынша локализациялау деңгейі жеткіліксіз болып қалатын Теңіз жобасы шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту жөніндегі күш-жігерді жандандыру қажеттігін атап өтті.
Тараптар Қашаған кен орнын игеру кезеңдерін іске асыруды, оның ішінде өндіру көлемін ұлғайту және қуаттылығы жылына 2,5 млрд м3 газ өңдеу зауытын салу жоспарланып отырған 2А кезеңін іске асыру дайындығын талқылады. 2Б кезеңін іске асыру бойынша жедел шешім қабылдаудың маңыздылығы атап өтілді. Жалпы, жоба іске қосылған сәттен бастап кен орнында шамамен 906 млн баррель мұнай және 75 млрд м3 газ өндірілді, жалпы алынатын қорлары шамамен 15,885 баррель мұнай және 1,4 трлн м3 газды құрайды.
Бұдан бөлек, қазақстандық мұнайды сыртқы нарықтарға тасымалдауда шешуші рөл атқаратын Каспий құбыр консорциумының мұнай құбырының тұрақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Кездесу соңында тараптар серіктестікті нығайтуға және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған ашық және сындарлы диалогқа дайын екендіктерін жеткізді.